Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасынан жыл басынан бергі жұмыс қорытындысын тыңдады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысының қорытындысы жайлы есепті тыңдады.
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, аталған кезеңде жалпы сомасы 5,8 триллион теңгеге жететін 13 ірі мемлекеттік аудит өткізілген.
Тексеру жұмыстары жекелеген өңірлердің жергілікті атқарушы органдарын, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен бірқатар мемлекеттік органды қамтыды.
Президентке анықталған кемшіліктерді жою нәтижесінде мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылғаны баяндалды. Үкімет пен аудит нысандарына 35 ұсыным және 413 нұсқама жолданды.
Мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен ұлттық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа ережесі қабылданып, мемлекет қаражатын жұмсау бойынша қазыналық бақылау күшейді, ал төртінші тоқсанда бюджетке түзету енгізуге тыйым салынды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру шаралары, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін реттеу тетігін жетілдіру туралы ақпарат берілді.
Әлихан Смайыловтың баяндамасына сай, биылғы екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланған. Оның төртеуі — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған. Атап айтқанда, Шымкент қаласына, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне тексеру жүргізіледі.
Бұдан бөлек, газ бен инвестиция салалары, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметі, жекелеген ұлттық жобалар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы және өзге де бағыттар тексеруден өтеді.
Жаңа Құрылтаймен өзара іс-қимыл аясында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бағаланатын болады.
Президент кездесу соңында заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық бере отырып, мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.