Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытай Халық Республикасы Экология және қоршаған орта министрінің орынбасары, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқарманың (NNSA) басшысы Дун Баотунмен кездесті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы бастаған қазақстандық сарапшылар делегациясы да қатысты. Делегация құрамына атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге, техникалық реттеуге, стандарттауға, мемлекеттік сараптама жүргізуге және лицензиялауға тартылған мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өкілдері енді.

Кездесу барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету, ядролық және радиациялық қауіпсіздік бағытындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен АЭХА ұсынымдарына сай келетін мемлекеттік реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Фото: Gov.kz

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, екі елдің реттеуші органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, лицензиялау мен реттеу саласында тәжірибе алмасуға, атом электр станцияларын салу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кадрлар даярлау мен сараптамалық әлеуетті арттыруға баса мән берілді.

Тараптар атом саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара мүдделілігін растады.

Фото: Gov.kz