Алматыда несиеге тәуелділік туралы «12 табуреток» кітабы театрландырылған қойылыммен таныстырылды
15 қараша – Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде қазақстандық жазушы Йана Бориз өзінің жаңа туындысын – «12 табуреток» атты сатиралық әңгімелер жинағын таныстырды. Кітаптың жарық көруіне орай Алматыдағы Арбатта ARTиШОК театры ерекше көше перформансын ұйымдастырды. Әртістер қала тұрғындарын адамдардың қандай мақсатпен қарыз алуға дайын екені және армандарын жүзеге асыру үшін кейде қандай құн төлеуге баратыны туралы ойлануға шақырды.
Музыкалық перформанс Арбатта жазуы бар орындықтарды қолдарына ұстаған адамдардың пайда болуынан басталды. Әр орындықтағы жазу қарыз алудың белгілі бір себебін білдірді: «той», «сән-салтанатты өмір», «мәңгілік жастық» немесе «Дженнифер Лопестің концертіне билет». Бір жерге жиналып, он екі орындықты орналастырған әртістер заманауи музыкалық ырғақпен театрландырылған қойылым көрсетті. Қойылым барысында орындықтарға кітап кейіпкерлері жайғасты. Олардың арасында үлкен махаббатқа қол жеткіземін деген уәдеге ақша салуға дайын әйел, бұрынғы несиелерін жаңа қарыздармен жабуға тырысқан кәсіпкер және мінсіз сырт келбетін қаржылық қауіпсіздігінен жоғары қоятын кейіпкер бар. Көрермендер де қойылымға қатысып, әлеуетті қарыз алушылардың рөлін сомдап көрді.

Әзіл мен иронияға құрылған қойылым Қазақстан үшін өзекті несие мәселесін адамның қалауы, жалған үміті мен жауапкершілігі туралы жанды әңгімеге айналдырды.
«12 табуреток» – өмірлік мәселелерін әрдайым адал бола бермейтін жолдармен шешуге тырысып, қарызға тәуелді болып қалған адамдар туралы Йана Бориздің жаңа кітабы. Мұндағы әр несиенің артында жеке бір оқиға жатыр: өзгенің үмітін ақтауға ұмтылу, тез әрі оңай ақша табуға құмарлық немесе орынсыз аңғалдық.

Кітап кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайды. Алайда олардың барлығын біріктіретін бір жайт бар: белгілі бір сәтте мақсатқа жетудің құралы болған ақша жаңа мәселелердің көзіне айналады. Автор несие алудың қаржылық қырынан гөрі эмоцияның, өмірлік жағдайлар мен жалған үміттің ықпалымен шешім қабылдайтын адамның психологиясына көбірек үңіледі.
Шығармада юморға да, гротескке де, драмалық оқиғаларға да орын бар. Бір қарағанда қисынсыз көрінетін жағдайлардың астарынан өмірде жиі кездесетін, көпшілікке таныс оқиғаларды аңғаруға болады.

Кітаптың жарыққа шығуы Ұлттық валюта күніне кездейсоқ орайластырылған жоқ. Қазақстанда халықтың шамадан тыс несие алуы көптен бері өзекті мәселеге айналған.
Аналитикалық деректерге сәйкес, микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) жиынтық несие портфелі жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 2026 жылғы тамыз айының соңында оның көлемі 1,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға өскен (1,5 трлн теңге). Портфельдің басым бөлігі жеке кәсіпкерлерді есептемегенде жеке тұлғаларға тиесілі – 1,3 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 84,3%-ы. Несие портфелінің бірқалыпты өсуіне қарамастан, мерзімі өткен берешегі бар микрокредиттердің көлемі 2026 жылғы тамыз айының соңында 358,1 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (347,5 млрд теңге) 3%-ға артық.

Алайда қаржылық статистиканың құрғақ сандарының артында адамдардың тағдыры тұр. Йана Бориз шығармасының өзегінде де дәл осы адамдар тағдыры жатыр.
«Бұл кітаптың идеясы әлеуметтік желілерден басталды. Қаржы саласындағы жиырма жылдық тәжірибемді сол жерге сыйғызғым келген. Бірақ сыймады. Енді оқырман назарына клиенттерінің жөнсіз әрекеттеріне талай рет жылап та, күліп те қарауға мәжбүр болған, өмірден әбден сабақ алған қаржыгердің жан сыры ұсынылып отыр. Кітабымның мұқабасы жарқын, көңілді түстермен безендірілсе дедім. Өйткені оның ішінде өзімнің де, өзгенің де қателіктері мен сәтсіздіктері жинақталған. Қателіктің ащы дәмін күлкі ғана жеңілдете алады. Мен осы емді барынша пайдаланамын. Оқырман да күледі деп үміттенемін. Бірақ ең бастысы – менің он екі орындығымның біріне отырып көруге ниеті болмаса екен», – дейді кітап авторы Йана Бориз.
«12 табуреток» – қаржылық сауаттылық оқулығы да, ақшаны дұрыс басқаруға үйрететін нұсқаулық та емес. Бұл көркем шығарма оқырманға өзінің қаржылық әдеттеріне сырт көзбен қарап, орынды қарыз алу мен айла-шарғы арқылы пайда табуға ұмтылудың арасындағы шекара қайда екенін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.

Автор туралы анықтама
Йана Бориз – қазақстандық жазушы, филология ғылымдарының кандидаты. «По степи шагал верблюд» бестселлерінің, «Жирандоль» және «О чём смеётся Персефона» романдарының, сондай-ақ «Флоренций и чёрная жемчужина» және «Флоренций и прокажённый огонь» тарихи детективтерінің авторы. Ол шығармаларында дәуірдің бетбұрыс кезеңдеріндегі адам тағдыры мен мінез-құлқын, олардың ішкі қайшылықтары мен тартыстарын терең зерттейді.
Автор және кітап туралы толығырақ: https://janaboriz.kz/