Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесін жаңғырту аясында 655 медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 200-ден астам ауылда алғаш рет заманауи медициналық мекемелер ашылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өтіп жатқан халықаралық конгресте мәлімдеді.

12–13 қараша күндері елордада «Цифрлық кеңістіктегі қоғамдық денсаулық және МСАК тиімділігі» атты халықаралық конгресс өтуде. Жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, 95 шетелдік маман және сегіз елден келген сарапшылар қатысуда.

Конгреске қатысушыларға құттықтау сөз арнаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова еліміздегі алғашқы медициналық көмекті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, халыққа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді.

Ол 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы бекітілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның негізінде Заң мен тәртіп қағидаты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау жатыр. Бұл біз, медицина қызметкерлері үшін айқын бағдар. Денсаулық сақтау саласындағы әрбір шешім адамның игілігіне қызмет етуі тиіс», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында елімізде жаңа медициналық мекемелер салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, заманауи технологиялар енгізіліп жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде алғашқы медициналық көмек көрсететін 655 нысан салынған.

Соның нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет медициналық ұйымдармен қамтылды. Жаңа нысандар заманауи диагностикалық және телемедициналық жабдықтармен жарақтандырылған.

Сонымен қатар емханалардың жұмысын ұйымдастыру тәсілдері жетілдірілуде. Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің командалық моделі дамытылып, шұғыл көмек кабинеттері ашылып, аурулардың алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр.

Балалардың денсаулығын қорғау бағытында да жаңа бастамалар жүзеге асырылуда. Соңғы бір жылда алғашқы медициналық көмек ұйымдарының базасында 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды.

Бұл орталықтарда мамандар балалардың дамуындағы ықтимал ауытқуларды ерте кезеңде анықтап, отбасыларға қажетті қолдау көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану аясы да кеңейіп келеді.

Министрдің айтуынша, отандық жасанды интеллект әзірлемелері дәрігерлерге инсультті диагностикалауға, сондай-ақ сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға көмектесуде.

Ақмарал Әлназарова елдегі негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің өзгеруіне де тоқталды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тарихи ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Ал 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған.

Министрлік деректеріне сәйкес, тәуелсіздік жылдарында нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі 6 есе, ал туберкулезден болатын өлім 10 есе төмендеген.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде.

2025–2026 жылдары денсаулық сақтау саласында тоғыз негізгі заң қабылданып, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту және кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шаралары енгізілген.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес медицина мамандарының еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жалғасуда.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмектің учаскелік қызметіндегі 77 мыңнан астам маманға үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша төлемдер қарастырылған.

«Бұл шаралардың барлығы медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне, қолжетімді болуына және пациенттердің нақты қажеттіліктеріне бағдарлануына бағытталған», – деді министр.

Астанада өтіп жатқан халықаралық конгресс барысында алғашқы медициналық көмектің тиімділігін арттыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, мамандар даярлау және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқылануда.

Халықаралық сарапшылар мен медицина саласының өкілдері алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісіп, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту бағыттарын қарастыруда.