Атырау мен Маңғыстауда жаңа ұңғымалар бұрғыланбақ, ал «Жылыой» және «Березовский» учаскелерінде күзде сейсмобарлау жұмыстары қолға алынады.

Қазақстанда табиғи газдың ресурстық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Газ саласын дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндады.

Оның мәліметінше, компания жаңа газ кен орындарын ашуға жол ашатын бірнеше геологиялық барлау жобасын қатар жүргізіп жатыр.

«Қаратон Тұзасты» жобасында газ ағыны алынды

Негізгі жобалардың бірі – Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» учаскесі.

2025 жылы бұл жерде тереңдігі 5 750 метрлік барлау ұңғымасы бұрғыланды. Алғашқы екі нысанды сынау барысында мамандар газ ағынын алды.

Қазіргі уақытта үшінші нысанды сынауға дайындық жүріп жатыр. Барлық зерттеу жұмысы аяқталған соң кен орнының болжамды қоры бағаланбақ.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың соңына дейін осы учаскеде тереңдігі 6 мың метрлік екінші барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген.

Маңғыстауда жаңа ұңғыма бұрғыланады

Тағы бір келешегі мол жоба – Маңғыстау облысындағы «Болашақ» учаскесі.

2026 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін мұнда тереңдігі 3 500 метрлік алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау басталады.

Жобаға қытайлық компаниялар қосылды

Асхат Хасеновтің айтуынша, «Жылыой» және «Березовский» жаңа жобалары бойынша қытайлық CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасалған.

«»Жылыой» және «Березовский» жобалары бойынша ірі қытайлық серіктестер – CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттарға қол қойылды. Биыл күзде осы учаскелерде сейсмобарлау жұмыстары басталады», – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.