Қазақстан мен Франция кинематография, музей ісі және мәдени мұраны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Екі ел арасында бірлесіп фильм түсіру және кинотуындыларды қазақ және француз тілдеріне дубляждау мәселелері талқыланды.

Бұл тақырыптар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогенің кездесуінде көтерілді.

Келіссөз барысында тараптар мәдениет пен өнер саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.

Атап айтқанда, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру, халықаралық көрмелер өткізу, театр ұжымдарының гастрольдерін ұйымдастыру және шығармашылық мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасу мәселелеріне назар аударылды.

Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жүйелі түрде нығайтудың маңызын жеткізді.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі кинематография саласындағы ынтымақтастық болды.

Тараптар бірлескен киножобаларды жүзеге асыру, француз фильмдерін қазақ тіліне және қазақстандық фильмдерді француз тіліне дубляждау мүмкіндіктерін талқылады.

Мұндай бастамалар екі елдің киноөнерін жаңа аудиторияға таныстыруға және мәдени байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар музей ісіндегі әріптестікті дамыту, мәдениет мекемелері арасындағы байланысты нығайту және халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Кездесу барысында мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді.

Франция елшісі Қазақстанның Мәдени мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянсқа (ALIPH) қосылуына мүдделі екенін білдірді.

Аталған ұйым халықаралық деңгейде мәдени мұраны қорғауға бағытталған бастамаларға қатысады.

Арман Қырықбаев мәдени құндылықтарды сақтау бағытындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.

Министрдің айтуынша, ALIPH ұйымының халықаралық мәдени әріптестіктегі рөлін ескере отырып, Қазақстанның оған қатысу мүмкіндігін жан-жақты зерделеу қажет.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға және екіжақты серіктестікті дамытуға дайын екенін білдірді.

Талқыланған бастамалар екі елдің мәдениет мекемелері мен шығармашылық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Бірлескен киножобалар мен дубляждау жұмыстарының нақты мерзімдері әзірге жарияланған жоқ.