Қазақстан Stadler вагондарының арбашаларын шығаратын әлемдегі екінші өндірістік алаңға айналды
Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты швейцариялық Stadler компаниясының жолаушылар вагондарына арналған арбашаларын шығаратын әлемдегі екінші өндірістік алаңға айналды. Бұған дейін мұндай өндіріс Швейцарияның Винтертур қаласында ғана болған.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елордадағы кәсіпорынға барып, CHARME жолаушылар вагондарының өндірісімен және отандық өндірістік базаның даму барысымен танысты.
Сапар барысында министрге зауыттың өндірістік қуаттары, қолданылатын технологиялар және жолаушылар вагондарын құрастыру процестері таныстырылды.
Кәсіпорында вагондардың шанақтары экструдталған алюминий профильдерінен дайындалады. Алдағы уақытта өндірісті жергіліктендіру аясында Қазақстанда өндірілген алюминийді пайдалану жоспарланып отыр.
Бұл отандық шикізатты өңдеу көлемін арттырып, дайын өнім құрамындағы қазақстандық материалдардың үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Stadler Kazakhstan зауытында вагон арбашалары өндірісінің іске қосылуы швейцариялық компанияның технологиялық тәжірибесі мен өндірістік құзыреттерін Қазақстанға беру жұмыстарының бір бөлігі саналады.
Өндірісті жергіліктендіру қазақстандық кәсіпорындардың жоғары технологиялық өнім шығарудағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Астанада шығарылатын CHARME жолаушылар вагондары Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімделген.
Олар Цельсий бойынша -40 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген.
Вагондардың өлшемдері де кеңейтілген. Шанағының ені 3 метрден, ұзындығы 26 метрден асады, ал биіктігі 4,7 метрге жетеді.
Жаңа жолаушылар вагондары сағатына 160 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Олардың жоспарланған қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды.
Зауытты аралау барысында Арман Шаққалиев жолаушылар вагондарын өндіруде халықаралық стандарттарды қолданудың маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, халықаралық талаптарға сәйкес өндіріс ұйымдастыру отандық кәсіпорындар үшін маңызды бағдар болуы тиіс.
Мұндай тәсіл өнім сапасын арттыруға, технологиялық процестерді жетілдіруге және қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар халықаралық өндірістік стандарттарды енгізу отандық кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Айта кетейік, Stadler компаниясының алғашқы жолаушылар вагондары Астана – Алматы бағыты бойынша қатынай бастады.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам жаңа вагонды қабылдаған.
Жасалған келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға барлығы 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланған.
Келісімде жеткізілген вагондарға кейіннен сервистік қызмет көрсету де қарастырылған.
Астанадағы Stadler Kazakhstan өндірісін дамыту отандық теміржол машина жасау саласының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге, өндірістегі қазақстандық құрамды арттыруға және жолаушылар тасымалы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.