Қазақстан құрамасы Түркияның Анкара қаласында өткен «2026 жылғы үздік тарату электр желілері командасы» халықаралық байқауында бірінші орын иеленді. Жарысқа жеті мемлекеттің энергетика саласының мамандары қатысты. Жеңімпаздарды Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов салтанатты түрде марапаттады.

Марапаттау рәсімі Энергетика министрлігінде өтті. Министр құрама мүшелерін жеңісімен құттықтап, олардың жоғары кәсіби даярлығын, техникалық шеберлігін және командалық үйлесімділігін атап өтті.

«Қазақстан құрамасының кәсіби шеберлік жөніндегі халықаралық байқаудағы жеңісі – отандық энергетиктердің жоғары дайындық деңгейінің, кәсібилігі мен командалық рухының айқын дәлелі. Өткен жылы команда үшінші орын иеленсе, биыл мамандарымыз нәтижені жақсартып, бірінші орынға қол жеткізді. Бұл жеңіс – отандық энергетика саласының халықаралық беделін нығайтуға қосылған лайықты үлес», – деді Ерлан Ақкенженов.

Халықаралық жарыс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы кәсіби ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды. Оған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының өкілдері қатысты.

Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама команда өнер көрсетті. Оның құрамына «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниялар тобына кіретін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және Ақтөбе облысындағы «Энергосистема» ЖШС мамандары енді.

Байқау барысында қатысушылар тарату трансформаторының ақаулы жоғары вольтты сақтандырғышын қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ауыстыру бойынша практикалық тапсырмаларды орындады.

Қазылар алқасы мамандардың жұмыс жылдамдығын, тапсырмалардың дұрыс орындалуын, еңбекті қорғау талаптарының сақталуын және техникалық шешімдерді қолдану деңгейін бағалады.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы үздік көрсеткішке қол жеткізіп, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық мамандар осы байқауда үшінші орын алған болатын.

Жеңімпаздарға энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі, жоғары кәсібилігі және адал еңбегі үшін ведомстволық наградалар табысталды.

Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен команда жетекшісі, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан аудандық электр желілерінің бастығы Әділбек Анарбаев марапатталды.

«Құрметті энергетик» төсбелгісі «Энергосистема» ЖШС бас директоры Рүстем Арыстановқа, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 6-разрядты электр монтері Біржан Жахийұлына, 5-разрядты электр монтері Олжас Ниязбековке және «Энергосистема» ЖШС басшысы Бараксұлтан Төлеміске табысталды.

Сонымен қатар Энергетика министрінің Құрмет грамотасымен «Энергосистема» ЖШС электр монтер-бақылаушысы Аят Балжиғитов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС қалалық электр желілері учаскесінің аға шебері Рауан Әуелов, 5-разрядты электр монтері Нұрлыбай Бақкелді және компанияның бас директоры Айдар Махамбет марапатталды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, халықаралық байқау электр желілеріне қызмет көрсететін мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және түрлі елдердің энергетиктері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Келесі халықаралық кәсіби шеберлік байқауы 2027 жылы Қазақстанда өтеді.

Жарысты елімізде ұйымдастыру қазақстандық энергетиктердің тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыруға, саладағы озық технологиялар мен жұмыс тәсілдерін талқылауға және мемлекеттер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған.

Осылайша, Қазақстан құрамасы өткен жылғы үшінші орыннан биылғы бірінші орынға көтеріліп, халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетті. Ал 2027 жылы еліміз энергетика саласы мамандарының кезекті халықаралық кәсіби байқауын қабылдайды.