Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады.
Кездесу барысында Президент Саида Мирзиёеваның Қазақстанға сапары Астана мен Ташкент арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің президент әкімшіліктері арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруды қолдайтынын жеткізді.
Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын, Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның өңірдегі тұрақтылық пен ықпалдастықты нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, екі ел де дамудың маңызды кезеңінде тұр, сондықтан реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бейбітшілік пен қауіпсіздік ерекше мәнге ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын да атап өтті. Президент Өзбекстанның цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы тәжірибесіне назар аударды.
Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда, біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.

Фото: akorda.kz
Саида Мирзиёева Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Ол Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беретінін жеткізді.
Сізге Өзбекстан Президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз.
Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық серіктестікті одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ тараптар екі елде жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасты.

Фото: akorda.kz