Астанада «Үздік жас полицей – 2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: Gov.kz
Елордада Полиция күніне орай «Үздік жас полицей – 2026» қалалық байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Іс-шара «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқауға Астана қаласының аудандық полиция басқармаларында қызмет ететін жас полицейлер қатысты. Олар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынап, зияткерлік сайыстар мен кәсіби-тактикалық жарыстарда білімін, дайындық деңгейін және кәсіби қабілетін көрсетті.
Финалдық кезеңде алты ауданның командалары полиция қызметінің маңызын, патриотизмді және мамандыққа адалдықты дәріптейтін шығармашылық нөмірлер ұсынды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин байқаудың алғаш рет пилоттық форматта өткенін атап өтті.
«Бүгінгі байқауға Астана қаласының алты ауданынан полиция қызметкерлері қатысып, бар өнерін ортаға салды. Бұл бастама небәрі үш ай бұрын ұсынылған еді, ал бүгінде алғаш рет пилоттық форматта жүзеге асып отыр. Қатысушылардың дайындығы мен сахнадағы өнеріне қарап, бұл жобаның болашағы зор екеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта байқаудың ауқымын кеңейтіп, қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отырмыз».
Нұра аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Шерхан Төлеуханов байқау қатысушыларға қызметтен тыс уақытта шығармашылық қабілетін көрсетуге мүмкіндік бергенін айтты.
«Бұл байқау қызметтен тыс уақытта шығармашылық қырымызды танытып, өнерімізді көпшілікке ұсынуға мүмкіндік берді. Астана қаласының әр ауданынан дарынды полиция қызметкерлері бас қосып, өзара бақ сынады. Біз бүгінгі додаға өзіміздің авторлық патриоттық “Есте” әнін алып келдік. Бұл туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестеріміздің рухына арналады».
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Нұра аудандық полиция басқармасының командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.