Астанада «QYMYZ FEST – Қымызмұрындық 2026» этнофестивалі өтті
Астанадағы Арбат алаңында ашық аспан астында «QYMYZ FEST – Қымызмұрындық 2026» этнофестивалі өтті. Іс-шараны Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі мен ауданның Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль қазақ халқының көне дәстүрі – Қымызмұрындықты жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әр буын өкілдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналды.
Сарыарқа аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Кенжеболат Бапишевтің айтуынша, мерекенің басты мақсаты – ата-бабадан қалған салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу.
«Қазіргі таңда бұл мерекенің мән-мағынасын білгісі келетіндер көп. Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен күн көрген. Қыстан төрт түлігі аман шығып, ел-жұрты тыныш болғанда, бие байлап, қымыз ашытқан. Бұл – береке мен молшылықтың бастауы саналған. Биелер құлындап, алғашқы қымыз дайын болғанда, ауыл адамдары алыстағы ағайын-туыс, құда-жекжаттарын шақырып, қуанышты бірге бөліскен. Балалар сүйінші сұрап, үлкендер ақ батасын берген. Осылайша Қымызмұрындық мерекесі елді бірлікке, татулыққа ұйыстырған игі дәстүрге айналған. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Қымызмұрындық мерекесінің қайта жаңғырып жатқаны қуантады».
Мерекелік бағдарлама аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ұршық иірген әжелер шеберлік сабақтарын көрсетті. Сондай-ақ көрермендерге «Қымызмұрындық» дәстүріне арналған театрландырылған қойылым ұсынылды.
Фестиваль қонақтары ұлттық тағамдар мен қымыздан дәм татып, арнайы ұйымдастырылған қымыз тарату рәсіміне қатысты. Сонымен қатар ұлттық сусындар мен тағамдар жәрмеңкесі өтті.
Іс-шара барысында тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі тебу, қамшы өру және жілік сындыру секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Оларға Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары, «Елорда ақсақалдары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және қала тұрғындары белсенді қатысты.
Зейнеткер, ардагер ұстаз Күлмәш Төленбайқызының айтуынша, қымызмұрындық – халқымызбен бірге жасасып келе жатқан көне дәстүрлердің бірі.
«Көктем шығып, мамыр айы аяқталған соң, ауыл-аймақта бие байланып, алғашқы қымыз ашытылған. Сол қуанышты сәтті ел болып атап өту Қымызмұрындық мерекесінің негізін қалаған. Бұл – береке-бірліктің, достық пен молшылықтың мерекесі. Алғашқы қымыз дайын болғанда, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары шақырылып, ақ дастарқан жайылған. “Мұрындық” сөзі бастау, алғашқы қадам деген мағынаны білдіреді. Сондықтан Қымызмұрындық – қымыз маусымының басталғанын айшықтайтын ерекше той».
Фестиваль соңында ұлттық ойындарда жеңіске жеткен қатысушылар мен іс-шараға белсенді атсалысқандар марапатталды. Оларға дипломдар, медальдар және алғыс хаттар табысталды.
Марапаттарды Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен «Елорда ақсақалдары кеңесі» қоғамдық бірлестігі табыстады.