Тоқаев Siemens AG өкілімен өнеркәсіпті цифрландыру және бірлескен жобаларды талқылады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германиядағы ресми сапарының екінші күнінде Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесті.
Президенттің айтуынша, Siemens – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Компания қызметіндегі өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық және интеллектуалды инфрақұрылым сияқты негізгі бағыттар еліміздің жаңғыру басымдықтарына сай келеді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Бернд Ульбрихтке экономиканың нақты секторларындағы цифрлық трансформация бойынша қолға алынған жүйелі шаралар туралы айтты.

Фото: akorda.kz
Осы ретте Мемлекет басшысы Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компанияларының Qarmet металлургия комбинатының құрал-жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасына қолдау білдірді.
Президент Қазақстанның озық құрал-жабдықтарды сатып алуға ғана емес, өндірістік, инженерлік және сервистік орталықтар құруға да мүдделі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Siemens компаниясының құзыреттері мен технологиялық инновациялары Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуда, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізу сапасын арттыруда пайдалы болуы мүмкін.
Кездесуде Siemens Healthineers компаниясымен медициналық технология саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті де қаралды.

Фото: akorda.kz