Астанада қоғамдық мүлікті бүлдіру және заңсыз граффити бойынша жүздеген құқық бұзушылық анықталды
Фото: Gov.kz
Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактілерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері қабылданған шаралар нәтижесінде мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 тұлға анықталды. Оның 89-ы әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды қорлағаны үшін 77 тұлға анықталып, оның 51-іне әкімшілік қамау жазасы қолданылды.
Қоғамдық орындардың тазалығы мен санитариялық жағдайын сақтау мәселесі де полицияның тұрақты бақылауында. Осы бағытта ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Полиция рұқсатсыз салынған жазулар мен граффитилерді анықтау және жою бойынша да кешенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде 159 граффити фактісі анықталып, оның 128-і боялып, бастапқы қалпына келтірілді.
Есірткі тақырыбындағы граффитиге ерекше назар аударылып отыр. Smart Astana қосымшасы мен «Есірткіге жол жоқ» ақпараттық сервисі арқылы келіп түскен хабарламалар негізінде 151 есірткі граффитиі анықталып, жойылды.
Полиция қоғамдық мүлікті бүлдіру, ғимараттар мен құрылыстарды қорлау, заңсыз граффити салу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Астана қаласының полиция департаменті елордада қауіпсіз әрі таза қалалық ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.