Тоқаев Linde компаниясын Атырау мен Маңғыстаудағы мұнай химиясы жобаларына қатысуға шақырды
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады.
Президент Linde компаниясының отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Linde – өндіріске қажетті газдар мен инжиниринг саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Оның технологиялары металлургия, тау-кен, химия, энергетика, денсаулық сақтау, электроника және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Қазақстанда инвестициялық құны 500 миллион долларға дейін бағаланатын бірқатар жобаны іске асыру жоспарын құптады.
Соның ішінде Linde мен Qarmet арасындағы Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысын салу жөніндегі келісімге қол қойылуы атап өтілді.

Фото: akorda.kz
Кездесу барысында мұнай химиясы өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективасы қаралды.
Мемлекет басшысы көміртегін тұтуға және сақтауға арналған Linde технологияларына ерекше тоқталды. Сондай-ақ компанияның сутегі инфрақұрылымын дамытуға ұмтылысы Қазақстанның «жасыл» экономика стандарттарына көшу міндетімен үндесетінін айтты.
Осы ретте Президент Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай химиясы мен химия кластерін дамыту қолға алынғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Linde компаниясын келешегі зор осы жобаларға қатысуға шақырды.

Фото: akorda.kz
Оливер Пфанн компания жобаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Сондай-ақ ол серіктестік аясын одан әрі кеңейтуге және Қазақстанда жаңа өндіріс ошақтарын ашуға дайын екенін жеткізді.