Тоқаев пен Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Фото: akorda.kz
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Лаос арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы Лаос Халық Демократиялық Республикасы Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Лаос сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниетті. Мемлекет басшысы Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтты.
– Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл қарым-қатынасымызды нығайта түсуге берік негіз болады деп ойлаймыз. Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылына да назар аударды. Ол Қазақстан Орталық Азияда тоғыз жолдың торабында орналасқанын және Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып келе жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Сонымен қатар Грузияның Батуми және Қытайдың Ляньюньган порттарында қазақстандық терминалдар жұмыс істейді, ал Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабы іске қосылған.
– Қазақстан Орталық Азияда тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып келеді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Грузияның Батуми және ҚХР-дың Ляньюньган порттарында қазақстандық терминалдар жұмыс істейді. Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналған.
– АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды. Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына да ерекше назар аударылды. Тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасында байланыс орнату, академиялық алмасуды кеңейту, бірлесе кадр даярлау және сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқыту әлеуетін талқылады.

Фото: akorda.kz
Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Ол Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты байланыс орнатқан елдердің бірі ретінде қарастыратынын айтты.
– Мен Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты қарым-қатынас жасаған елдердің бірі ретінде қарастырамын. Қазақстан Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек қолын созып, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және бір-біріне тілеулестігі мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді.
Тхонглун Сисулит Қазақстанның Лаосқа мамандар даярлау ісінде көрсеткен көмегіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алған.
– Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады. Олар қазақстандықтарды Лаоста қарсы алуға да, кездескен жерде ризашылығын білдіруге де дайын екені сөзсіз.

Фото: akorda.kz
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум қабылданды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Жоғарғы халық прокуратурасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Ғылым және технологиялар министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум қабылданды.
Сонымен қатар Астана мен Вьентьян қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz