Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаос Президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы достық сипатқа ие және мемлекеттер халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп келеді.

– Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр. Лаос мемлекеті біздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көтерген бастамаларымызды қолдады. Ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз. Осы сапардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел үкіметтері белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде қарастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Лаос экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, ел энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында елеулі нәтижелерге қол жеткізген.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.