Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырысқа қатысты.

Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналды. Президент қонақжайлық танытқаны және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс айтты.

– Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде «Адамзат – бәрінен маңызды» қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан халқының жартысына жуығын қамтитын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС айтарлықтай әлеуетке ие. Сонымен бірге бұл құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жауапты.

Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелер шешілмей және жетекші державалар арасындағы сенім деңгейі қалпына келмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

– Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал.

Фото: akorda.kz

Президент аймақтық қақтығыстардың салдары тек қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға да әсер ете бастағанын айтты. Оның сөзінше, маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды айқын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің артуын тағы бір күрделі мәселе ретінде атады. Мемлекет басшысының пікірінше, бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамудың негізгі алғышарттары саналады.

– Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет.

Президент жетекші державалар арасындағы сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндігін шектейтінін айтты. Дегенмен, оның сөзінше, БҰҰ-ға балама жоқ.

Мемлекет басшысы БҰҰ реформасы ұйымның қақтығыстардың алдын алу және ұжымдық шешім қабылдау әлеуетін күшейтуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтты.

– Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастыратынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – Қазақстанның бұлжымас ұстанымы. Бұл еліміздің барлық серіктеспен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді әрі нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстанның БРИКС-ке мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.

– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниеттіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде әлемдік тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға, сондай-ақ бірлескен инвестицияларға айрықша мән беру қажет.

Президент Қазақстанның ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлесіп іске асыруға әлеуеті жететінін айтты. Осыған байланысты Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі және Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы көлік байланыстарын нығайту жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге серпін беретінін атап өтті.

– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

Фото: akorda.kz

Президенттің айтуынша, қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады.

Мемлекет басшысы бұл маңызды бағытты «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған әрі орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан ұсынған логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл бастама «БРИКС плюс» форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне де тоқталды.

– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие.

Президент Қазақстан «БРИКС плюс» аясындағы тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын екенін айтты.

Нақты шара ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласы бойынша «БРИКС плюс» серіктестігін іске қосуды ұсынды. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіру, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді ету және көптілді шешімдерді бірлесіп әзірлеу көзделеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, орнықтылық тек технологиялық ілгерілеумен өлшенбейді. Осы ретте ол су ресурстары мәселесіне ерекше назар аударды.

– Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын.

Сөзін қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді күшейтіп, адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.

Президент Қазақстан егемендікке, мүдделер теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz