Корея Қазақстандағы автоөнеркәсіп, электроника және энергетика жобаларына қатысып жатыр
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Корея Республикасы Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына енді. Екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,3 млрд долларға жетті. Бұл туралы Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында хабарлады.
Институт мәліметінше, Қазақстаннан Кореяға экспортталатын негізгі тауар – шикі мұнай. Оның көлемі 479,4 млн долларды немесе барлық жеткізілімдердің 93,6%-ын құрайды.
Сонымен қатар Қазақстан Кореяға 28,6 млн долларға ферроқорытпалар экспорттаған. Бұл жалпы жеткізілімдердің 5,6%-ына тең. Титан және одан жасалған бұйымдар экспорты 3,4 млн долларды немесе 0,65%-ды құрады.
Корея Республикасынан Қазақстанға импортталатын тауарлар ішінде автомобиль және электротехника салаларына арналған өнімдердің үлесі жоғары.
Атап айтқанда, Қазақстанға 155 млн долларға автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар импортталған. Бұл көрсеткіш импорттың 19,7%-ын құрайды. Сондай-ақ 100,1 млн долларға автомобиль шанақтары, 70,3 млн долларға пульттер, панельдер және басқа да электр жабдықтары жеткізілген.
Сауда ынтымақтастығымен қатар, инвестициялық байланыстар да белсенді дамып келеді. Соңғы он жылда Корея Республикасының Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициялары шамамен 8 млрд долларға жетті.
Қазір елде Оңтүстік Корея капиталының қатысуымен 700-ден астам компания жұмыс істейді. Тараптар жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 жобаны бірлесіп әзірлеп жатыр.
Басым бағыттардың қатарында машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылым және технологиялық кооперация бар.
Серіктестіктің маңызды нәтижелерінің бірі – 2025 жылы Қостанай облысында Kia Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуы. Кәсіпорын жылына 70 мыңға дейін автокөлік өндіруге қауқарлы. Онда 1,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және кәсіпорын айналасында автокөліктің қосалқы бөлшектерін жеткізушілер базасын қалыптастыруға бағытталған.
Алюминий дөңгелектерін өндіру де автомобиль кооперациясының жаңа бағыты болуы мүмкін. 2026 жылдың ақпан айында Astana Motors, оңтүстіккореялық Hands Corporation және америкалық Open Element Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Бұл жоба отандық автоөнеркәсіпті дамытуға және автокөлік бөлшектерін толық өндірістік циклмен шығаратын заманауи кәсіпорын құруға бағытталған.
Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық автоөнеркәсіппен ғана шектелмейді. 2025 жылдың тамызында Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауыты Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығара бастады. Өнімдер ең алдымен қазақстандық тұтынушыларға арналған.
Энергетика да екіжақты әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі саналады. Түркістан облысында қуаты 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясы салынып жатыр. Жобаны іске асыруға Integra Construction KZ компаниясымен бірлесіп, бас мердігер ретінде Оңтүстік Кореяның Doosan Enerbility компаниясы қатысады.
Толық қуатқа шыққаннан кейін станция 926,5 МВт электр энергиясын өндіріп, елдің оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтамасыз ету деңгейін арттыруы тиіс.
Алматы облысындағы Alatau City жобасы да екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналуы мүмкін. 2025 жылдың желтоқсанында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры және Кореяның инфрақұрылым мен қала құрылысы саласындағы KIND корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.
Корея тарапы энергетика, сумен жабдықтау және су тазарту, сарқын сулар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сондай-ақ басқа да инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы мүмкін.