Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті.
Кездесу барысында Президент Нарендра Модиді БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтап, халықаралық деңгейдегі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономикадағы жетекші елдердің бірі саналатын Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы жетістіктеріне және халықаралық аренадағы беделіне тоқталды.
– Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді.
Мемлекет басшысы қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қазақстанда көптеген үнді студенттері білім алып жүр. Сондай-ақ біз халықаралық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық.
Өз кезегінде Нарендра Моди Қасым-Жомарт Тоқаевқа БРИКС саммитіне қатысқаны үшін алғыс білдірді. Ол Мемлекет басшысы көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзекті екенін атап өтті.

Фото: akorda.kz
Үндістан Премьер-министрі Қазақстанмен достыққа және өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Көшбасшылар екіжақты күн тәртібіндегі нақты мәселелерді, соның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Нарендра Модидің айтуынша, екі елдің жоғары технология және креативті индустрия салаларындағы әлеуеті мол. Осы ретте Astana Hub пен Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің келешегі зор екені айтылды.
Үндістан Премьер-министрі Қазақстан өкілдерін, әсіресе жастарды, келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.
Тараптар Үндістан мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін де қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде Ұйым мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер жүргізуді құптайтынын және бұл бағыттағы жұмысты ілгерілетуге ықпал етуге дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.