Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрінің орынбасары – Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен кездесті.

Әңгімелесу барысында Президент қонақжайлық танытқаны және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс айтты.

Кездесуде Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту және технологиялық серіктестікті кеңейту перспективалары талқыланды.

Фото: akorda.kz

Германия аймақтарының ішінде Бавария Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екені атап өтілді.

Мемлекет басшысының айтуынша, сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарында әлеует жеткілікті.

Хуберт Айвангер Бавария бизнесі өзара тиімді кооперацияны дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Оның пікірінше, Қазақстан мен Бавария экономикаларының өзара үйлесімділігі бавариялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуберт Айвангер жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика, инновация және өңірлік даму салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Бавария арасындағы ықпалдастықтың мазмұнын арттыруға ниетті екенін растады.