Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ландтагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде өткен келіссөздер табысты әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті Баварияның сан қырлы қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады.

– Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Германияның халықаралық деңгейдегі ықпалы мен экономикалық әлеуетіне де тоқталды.

– Еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел.

Әңгімелесу барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері қозғалып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективалары талқыланды.

Ильзе Айгнер сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан Бавария Ландтагына келуге уақыт тапқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Ландтаг Төрағасының айтуынша, Бавария Қазақстанмен сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін мұқият зерделейді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильзе Айгнер Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Фото: akorda.kz