Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйледі.

Қазақстан Президентінің Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары бизнес, өнеркәсіп және технология көшбасшыларының басын қосқан Қазақстан-Бавария технологиялық форумымен қорытындыланды.

Мемлекет басшысы Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрамен, берік дәстүрлермен және жаңашылдық рухымен үйлескен бірегей өңір деп атады.

Президенттің айтуынша, неміс бизнесі Қазақстанда сапасы, сенімділігі және технологиялық артықшылығы үшін жоғары бағаланады.

– Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі әрі инженерия мен жоғары технологиялар орталығы ретінде әлемге танылғанын атап өтті.

– Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының сөзінше, Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі саналады.

Қазақстан бұл өңірге негізінен мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды.

Фото: akorda.kz

Президент елімізде Баварияның Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да жетекші компаниялары табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-герман экономикалық қарым-қатынасының келесі кезеңі озық технологиялармен, жоғары технологиялық өндіріспен және жаңа нарықтарды бірлесе игерумен байланысты болуы керек екенін атап өтті.

Фото: akorda.kz

Осы ретте Мемлекет басшысы бавариялық компания басшыларына Қазақстанда инвесторлар үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар туралы айтты. Атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Президент өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі ретінде озық өндірісті дамыту қажеттігін атады.

– Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens және KUKA сияқты компаниялар бұл салаларда көшбасшы екенін айтып, Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алатынын жеткізді.

– Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады.

Президенттің айтуынша, неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың сенімді әрі әртараптандырылған жеткізілуіне мүдделі. Қазақстан бұл бағытта мыс, титан, алюминий, берилий, тантал және ниобий сияқты элементтермен ұзақ мерзімді негізде қамтамасыз ете алады.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев микроэлектроника өндірісіндегі ынтымақтастық перспективасына да ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, Бавария Infineon Technologies, Siltronic, Rohde & Schwarz сияқты әлемге танылған компанияларды біріктіріп, жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника саласында Еуропадағы ең үздік экожүйелердің бірін қалыптастырған.

Президент Қазақстан үшін ауқымды микросхема өндірісінен бұрын отандық өнеркәсіптің дамуына тікелей ықпал ететін қосылған құны жоғары өнімдер шығарудан бастау тиімді екенін айтты.

Мұндай өнімдер энергетика, тау-кен, металлургия, көлік және өңдеу өнеркәсібі салаларына қажет. Атап айтқанда, үлкен қуат ағындарын реттейтін электроника, датчиктер, өлшем жүйелері және автоматтандырылған күрделі басқару жүйелері маңызды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Bavarian Chips Alliance қатысуымен арнайы серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Бағдарлама аясында қазақстандық компанияларды, ғылыми-зерттеу мекемелерін және даму институттарын Баварияның жартылай өткізгіштер өндірісі экожүйесімен байланыстыруға болады.

Фото: akorda.kz

Президент жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар маңызды екенін атап өтті.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық бизнес өкілдерін Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында өнеркәсіп және логистика хабтарын бірлесе қалыптастыруға шақырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіне назар аударды.

Президенттің айтуынша, Бавария ауыл шаруашылығына арналған машина жасау, ғылыми негізді егін шаруашылығы, су үнемдейтін технологиялар және тамақ өнеркәсібі салаларында озық құзыретке ие.

Осы артықшылықтарды ескере отырып, шағын үлгілі шаруашылықтарды дамытуға арналған ортақ жобаны іске қосу ұсынылды. Бұл бастама аясында Еуропа стандарттарына сай жоғары сапалы агроөнімдерді өндіру және өңдеу басымдыққа ие болады.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде бизнеске, инвестицияға және инновацияға арналған бірегей алаң ретінде Alatau City мегажобасын да таныстырды.

Президенттің сөзінше, бавариялық компаниялар Алатау қаласын инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастыратын, үздік шешімдерді көрсететін, жергілікті серіктес тауып, инвестициялық жобаларды іске асыратын алаң ретінде пайдалана алады.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы аталған бастамалардың табысты болуы білікті кадрларға байланысты екенін айтты.

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Бавариядағы кәсіптік білім берудің дуалды жүйесіне қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

Президент Қазақстанда бавариялық ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыру кезінде кәсіби даярлық пен инженерлік құзыретті дамыту мәселесін ескеру қажет екенін атап өтті.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласында Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды.

Президенттің айтуынша, мұндай мекеме Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда неміс кәсіпорындарының мүддесі үшін жұмыс істей алады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz