Бас прокуратура жанындағы Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы Telegram қолданушыларына шұғыл ескерту жасады. Қазіргі уақытта мессенджерде аккаунттарды қолды қылудың жаңа схемасы тарап жатыр.

Алаяқтардың әдісі қарапайым: пайдаланушыға «Telegram қолдау қызметінен» хабарлама келеді, онда «Сіздің аккаунтыңызды жою туралы сұрау түсті, егер бұл сіз болмасаңыз, 24 сағат ішінде мына батырманы басып, әрекетті тоқтатыңыз». Бұл психологиялық қысым тудырады, ал адам аккаунтынан айырылып қалудан қорқып, асығыс шешім қабылдайды.

Сілтемеге өткен кезде растау кодын енгізу сұралады. Сол сәттен бастап алаяқтар аккаунтты толық бақылауға алады, сіздің атыңыздан жақындарыңыздан ақша сұрауы немесе жеке деректеріңізді өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін.

Есте сақтаңыз: Telegram ресми қолдау қызметі ешқашан пайдаланушылардан үшінші тарап боттары немесе күмәнді сілтемелер арқылы растау кодтары, құпиясөздер немесе аккаунтқа кіруге қажетті деректерді сұрамайды.

Аккаунтты бақылауға алғаннан кейін алаяқтар хат-хабарларды оқуға, жеке деректерге қол жеткізуге, аккаунт иесінің атынан хабарламалар жіберуге, контакттардан ақша аударуды сұрауға және аккаунтты басқа алаяқтық шабуылдарға пайдалана алады.

Алаяқтық хабарламаның белгілері:

Жіберуші өзін қолдау қызметінің өкілі ретінде таныстырады, бірақ ресми мәртебесі жоқ;

Хабарламада шұғыл түрде сілтеме арқылы өту немесе ботты пайдалану талап етіледі;

Пайдаланушыдан SMS немесе Telegram арқылы келген растау кодын енгізу сұралады;

Қауіп сезімін ояту арқылы асығыс әрекетке итермелейді;

Хабарлама жіберушінің аккаунты жаңа құрылған, атауы өзгерген немесе күмәнді белгілері бар;

Мәтінде оғаш тұжырымдар, қателер немесе күмәнді сілтемелер кездеседі.

Аккаунтты қорғау үшін ұсынылатын шаралар:

Растауды қажет ететін кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз;

Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;

Telegram деректерін бөгде парақшалар немесе боттарда енгізбеңіз;

Қосымшаның баптауларында екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз;

«Құрылғылар» бөліміндегі белсенді сеанстарды тұрақты тексеріп отырыңыз;

Белгісіз немесе күмәнді қосылымдарды аяқтаңыз;

Ақпаратты тек Telegram-ның ресми арналарынан және баптауларынан алыңыз.