Қазақстанда Ұлттық цифрлық архив жүйесі әзірленіп жатыр – ҚР Президенті
Бүгін Астанада «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі өтіп жатыр. Жиынның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.
Президенттің үндеуін Президент Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев жеткізді. Мемлекет басшысы архив ісінің тек құжаттарды сақтау ғана емес, ұлттық жадыны қорғау мен қоғамның тарихи санасын қалыптастырудағы маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
«Архив саласын дамыту, жаңғырту және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – үлкен миссия», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Президенттің айтуынша, қазақстандық архившілердің қызметі ЮНЕСКО мен Халықаралық архивтер кеңесі аясында жүргізіліп жатқан әлемдік құжаттық мұраны цифрландыру бастамаларымен үндеседі. Сонымен қатар, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елімізде «ақылды архивтер» желісін қалыптастыру басым бағыттардың бірі болып белгіленген.
«Қазіргі таңда менің тапсырмаммен Ұлттық цифрлық архив жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл Қазақстанның құжаттық және мәдени мұрасын сақтауға кең мүмкіндік беретін маңызды жоба», – делінген құттықтау хатта.
Мемлекет басшысы мұндай бастамалар елдің технологиялық даму бағытына толық сәйкес келетінін, сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.
«Келелі жиын архив саласын жан-жақты дамытуға, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауға және болашағы зор цифрлық жүйелерді табысты енгізуге септігін тигізеді деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.
Астанадағы «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресіне әлемнің 30 елінен 500-ден астам сарапшы, архив мекемелерінің өкілдері, ғалымдар мен IT-мамандар қатысуда. Форум аясында архивтерді цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, құжаттық мұраны сақтау және архив ісінің болашағына қатысты мәселелер талқыланып жатыр.