Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесіп, 2025 жылғы өңірлік әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштер туралы ақпарат алды.

Облыс әкімі мәлімдегендей, өткен жылы өңірлік жалпы өнім 3,9 трлн теңгеге жеткен. 2026 жылғы қаңтар-сәуірде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды көрсетті. Инвестициялар көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталды.

Былтырдан бері жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, тартылатын инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге жетті. Ірі жобалар қатарында 577,5 млрд теңгеге «Аягөз – Бақты» теміржол желісін салу, 714 млрд теңгеге Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы және 255 млрд теңгеге тау-кен байыту комбинатын іске қосу бар.

Сондай-ақ, облыс әкімі Семейде жоспарланған арнайы экономикалық аймаққа қатысты жоспарларды баяндады. Жобалар арқылы 400 млрд теңгеге өндірістік инфрақұрылым іске қосылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашу көзделген.

Алакөл туристік аймағын дамыту жөнінде де ақпарат берілді. Биыл жағалау инфрақұрылымына 15,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайы терминалының реконструкциясы үшін 11,6 млрд теңге қарастырылған.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту аясында сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысы, тұрғын үй және жол инфрақұрылымын дамыту жобалары таныстырылды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тартуды күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.