Шығыс Қазақстанда Түрік қағанаты кезеңіне жататын қалашық зерттелді
Фото: Gov.kz
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қазаншұңқырында ауқымды далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ғылыми экспедиция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында «Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттары: хронологиясы, кеңістіктік талдау және шаруашылық жүйелері» жобасын жүзеге асырып жатыр.
Далалық жұмыстар барысында ғалымдар Қалжыр мен Боран ауылдарының арасында орналасқан Қалжыр қалашығын жан-жақты зерттеді.
Ескерткіштің аумағы 25 гектардан асады.

Фото: Gov.kz
Археологтар қамалдың оңтүстік бөлігіндегі негізгі бекініс құрылыстарының қалдықтарын аршып, олардың едәуір бөлігі өрт салдарынан қирағанын анықтады.
Зерттеу кезінде ғимараттардың ішкі құрылым элементтері, саз едендер, өрнек іздері сақталған сылақтар, сондай-ақ қамыс пен балшықтан жасалған құрылыс бөліктері табылды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Археологиялық олжалар мен радиокөміртектік талдау нәтижелеріне сәйкес, нысан б.з. VI-VII ғасырларына жатады.
Алдын ала болжам бойынша, қалашықтың салынуы Бірінші Түрік қағанаты кезеңімен байланысты болуы мүмкін.
Табылған жәдігерлер қатарында күйген бидай мен бұршақ дәндері, қыш ыдыстар және ішінде сылдырмақ шаршығы бар құстың сирек кездесетін қыш мүсіншесі бар.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Экспедиция жетекшісі, ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Никита Константиновтың айтуынша, зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы да анықталған.
– Зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы анықталды. Бұл олжа негізгі таралу аймағы Шыңжаң мен Моңғолия болатын мұндай ескерткіштердің батыс шекарасы туралы ғылыми түсінікті кеңейте түсті. Жиналған деректер өңірдің цифрлық модельдері мен геоақпараттық жүйесін әзірлеуге пайдаланылады.
Жобаға ҚазҰУ тарих факультетінің ғалымдары мен студенттері, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Археологиялық технологиялар және ғылым орталығының, сондай-ақ Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қатысты.
Жас зерттеушілер далалық жұмыстар барысында аэро- және жылу түсірілімін жасау сияқты заманауи археологиялық геодезия әдістерін іс жүзінде меңгерді.
Ғалымдар жинаған деректер Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттарын зерттеуге, өңірдің тарихи кезеңдерін нақтылауға және ежелгі шаруашылық жүйелері туралы ғылыми түсінікті кеңейтуге мүмкіндік береді.