Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылды
Алматы облысының Іле ауданында жылына 400 тонна балық өндіруге қауқарлы «Бақыт» кәсіпорны ашылды.

Мұхаметжан Түймебаев ауылында іске қосылған жобаның инвестициялық құны 500 млн теңгені құрайды.
Жаңа шаруашылықта балық өсірумен қатар, балық шаруашылығына қажетті тор қоршаулар мен олардың бөлшектері де жасалады.
Кәсіпорын аталған құрал-жабдықтарды шығаратын еліміздегі алғашқы өндіріс орындарының бірі саналады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен құттықтады.

Оның айтуынша, бұл жоба өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
– Бұл жоба – өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Алматы облысынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан мен Жетісу облысының балық шаруашылықтарына жеткізіліп, пайдаланылуда.
Бақытнұр Бақытұлының сөзінше, бұл отандық жабдықтарға сұраныстың жоғары екенін және кәсіпорынның елдегі балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Сондай-ақ ол Алматы облысында балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.
Биыл өңірде аталған саланы қолдауға 1 млрд теңге субсидия бөлінді.
Қазіргі уақытта облыста 53 балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді.

Былтыр өңірде 5,8 мың тонна балық өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңадан ашылған «Бақыт» шаруақожалығы осы мақсаттарды жүзеге асыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында балықтар көлдің ортасында арнайы тор қоршауларда өсіріледі.

Шаруақожалық басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, алдымен салмағы 200 грамм болатын шабақ суға жіберіледі. Үш айдың ішінде ол 2,5-3 келі тартатын балыққа айналады.
Балықтарға экологиялық таза жем беріледі.
Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам өнім алып үлгерген. Ол үшін 12 тор қоршау қолданылған.

Келесі жылы балық өндіру көлемін 400 тоннаға жеткізіп, тор қоршаулар санын 30-ға дейін көбейту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта кәсіпорында кәсіби мамандардан құралған 15 адам жұмыс істейді. Олар балықтың жағдайын бақылап, өндірістік процесті қадағалайды.
Шаруашылыққа қажетті қоршаулар кәсіпорынның өзінде жасалады. Ал торлар әзірге шетелден импортталады.
Болашақта тор тоқитын цех ашып, өндіріс орнын кеңейту жоспарланған. Бұл жағдайда жұмысшылар саны 45-50 адамға дейін артады.

Кәсіпорынның ашылуына Мұхаметжан Түймебаев ауылының тұрғындары да оң пікір білдірді.
Ауыл тұрғыны Әмзе Исаевтың айтуынша, мұндай жобалар елді мекеннің дамуына жаңа серпін береді.
– Ауылымызда осындай игі жобаның іске асырылып жатқаны – құптарлық іс. Бұл елді мекен тіршілігіне жан бітіріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ауылымыздағы көлде кезінде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ кейін қиын кезеңдерде тұралап қалды. Бұл бастаманың қайта жанданып жатқанына қуаныштымын.
Жаңа кәсіпорын Алматы облысында балық шаруашылығын дамытуға, отандық құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға және ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобалардың бірі болып отыр.