Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізіледі
Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жұмысын бағалау жүйесі өзгереді.
Жаңа жүйеде пациенттің бейінді маман қабылдауын қанша уақыт күтетіні, қажетті диагностикалық зерттеулерден уақтылы өте алуы және стационардан шыққаннан кейін әрі қарай бақылауда болуы сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
МСАК стандартының жаңа редакциясы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және пациентті медициналық көмектің барлық кезеңінде үздіксіз сүйемелдеуге бағытталған.
Емханалардың жұмысын бағалау үшін 100 балдық бірыңғай жүйе енгізіледі.

Көрсеткіштерді есептеу денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде тоқсан сайын автоматты түрде жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тарту қажет.
– Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны.
Министрдің сөзінше, бағалау үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек.
Қазір ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру міндеті тұр.
Жаңа бағалау жүйесінде аурулардың профилактикасы мен оларды ерте анықтауға арналған жеке блок қарастырылған.
Онда балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту, скринингтерден өту, сондай-ақ сүт безі обырына, жатыр мойны обырына және колоректалдық обырға күдік болған жағдайда диагностиканы уақтылы аяқтау көрсеткіштері ескеріледі.
Пациенттердің кері байланысы да бағалау жүйесіне енгізіледі.

Атап айтқанда, медициналық көмектің қаншалықты қолжетімді әрі түсінікті болғаны, пациент өзінің диагнозы мен алдағы емдеу жоспарын түсіне ме, көрсетілген медициналық көмектен кейін денсаулық жағдайының жақсарғанын байқай ма деген мәселелер назарға алынады.
Стандарттың жаңа редакциясында МСАК деңгейінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі де нақты айқындалады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтер пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Олардың қатарында бастапқы буын мамандарының қабылдауы, дәрігерге дейінгі тексеру, жедел медициналық көмек кабинетінің қызметтері, жалпы қан және зәр талдаулары, ЭКГ, флюорография және тізбеде көзделген өзге де зерттеулер бар.
Пациент тек нәтижелерді алу үшін емханаға қайта келуге мәжбүр болмауы үшін тексеру нәтижелері мен алғашқы қабылдау қорытындысы бойынша ұсынымдар медициналық цифрлық жүйе арқылы оның жеке кабинетіне автоматты түрде жіберіледі.
МӘМС жүйесінде МСАК деңгейінде консультациялық, диагностикалық, профилактикалық және емдеу қызметтерінің кең спектрі қолжетімді.
Олардың қатарында зертханалық диагностика, ЭКГ, маммография, холтерлік және артериялық қысымды тәуліктік мониторингілеу, патронаж, қашықтан консультация беру және мобильдік бригадалардың жұмысы бар.