Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қазақтың біртуар әншісі, дәстүрлі өнердің дара тұлғасы Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған «Манарбек Ержанов – ұлт өнерінің аңызы» атты еске алу кеші өтті.

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Кештің басты мақсаты – өнер қайраткерінің шығармашылық мұрасын дәріптеу және оның ұлттық өнер қазынасына қосқан үлесін жас ұрпаққа таныту.

Қонақтар кеш басталмас бұрын фойеде ұйымдастырылған «Манарбек мұрасы» көрмесімен танысты.

Сондай-ақ «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауында әнші-композитордың күйлерін тыңдады.

Кештің салтанатты ашылуында Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков пен Манарбек Ержановтың қызы Гауһар Манарбекқызы сөз сөйледі.

Олар ұлы тұлға мұрасының ұлттық мәдениеттегі орны мен маңызына тоқталды.

Концерттік бағдарламада «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» би ансамблі өнер көрсетті.

Көрерменге Манарбек Ержановтың өз даусымен жазылған «Шегенің термесі» ұсынылып, әнді дәстүрлі ән өнерінің насихатшысы Нұрболат Исаев жалғастырды.

Одан кейін сахнада дәстүрлі орындаушылар өнер көрсетті.

Мақпал Қазыбекқызы «Балқадиша», Зарина Рахманбердиева «Желдірме», Әділ Ахметжан «Ақ қурай», Дүйсенбек Өмірәлиев «Сайра бұлбұл» мен «Қойшының әні», Мадина Шарипова «Бақыт жыры», Жігер Омархан «Жетісу», Ақгүл Жиенбаева «Қуанамын» әндерін орындады.

Сондай-ақ Нұрболат Ұзақбай «Жұмысшылар», Гүлім Алшынова «Қалқа», Ерғали Ағайдар «Қарғам ау», Диас Мұратхан «Қорлан», Рауан Әбілбаев «Ақсиса» әндерін шырқады.

Кештің арнайы қонақтары да көрермен ықыласына бөленді.

Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Аркенов Манарбек Ержановтың «Паравоз» шығармасын орындады.

Ал Е. Рахмадиев атындағы Астана мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы «Көк көгершін» әнін шырқады.

Кеш соңында Айзада Қазыбекқызы мен «Алатау» фольклорлық ансамблі «Ахау, керім» халық әнін финалдық композиция ретінде орындады.

Қорытынды сәтте барлық өнерпаз сахнаға шықты.

Манарбек Ержанов – қазақтың кәсіби ән өнерінің қалыптасуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірегей тұлға.

Оның орындаушылық мектебі мен шығармашылық мұрасы ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорынан орын алды.

Мерейтойға арналған тағылымды кеш ұлт өнерінің інжу-маржандарын жаңғыртып, Манарбек Ержановтың есімі мен өнегесін кейінгі буынға жеткізуге арналған мәдени алаңға айналды.