Қазақстанда 2028–2029 жылдары 4 ГВт-тан астам дәстүрлі генерация енгізу жоспарланып отыр
Фото: Gov.kz
Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын қалыптастырды.
Жоспар 2028–2029 жылдары жаңа генерациялайтын қуаттарды кезең-кезеңімен енгізуді көздейді.
Бұл жұмыс энергетикалық жүйенің қолда бар қуатын арттыруға, электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәстүрлі генерация мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған.
2028 жылы Қазақстанда 2 ГВт дәстүрлі генерацияны іске қосу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Тараз, Атырау және Ақтөбе қалаларында бу-газ қондырғыларын салу көзделген.
Сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 №3 энергоблогын салу, «Қарағанды Энергоцентрде» қазандық агрегаты мен турбоагрегат орнату жобалары қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Kazakhmys Energy» БТЭЦ-інде қазандық пен турбоагрегат, «Kazakhmys Energy» ЖЭО-да қазандық пен турбоагрегат орнату, сондай-ақ Ақсу ГРЭС энергоблогын кеңейту және жаңғырту жоспарланып отыр.
2029 жылы 2,3 ГВт дәстүрлі генерацияны енгізу көзделген.
Оның ішінде Өскемен ЖЭО-да турбоагрегат пен қазандық агрегатын салу, Атырау ЖЭО-да бес газ-турбиналық қондырғыны енгізу және «Батыс Пауэр» ЖШС-нің екі газ-турбиналық қондырғысын салу жобалары бар.
Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-3 бірінші блогын іске қосу жоспарланған.
Жаңартылатын энергетика бағытында да жаңа қуаттар енгізіледі.
2028 жылы 2,2 ГВт, ал 2029 жылы 2,8 ГВт жаңартылатын энергия көздері нысандарын іске қосу жоспарланып отыр.
Дәстүрлі және «жасыл» энергетика салаларындағы ірі жобаларды іске асыру есебінен Қазақстанның генерациялайтын қуаттары айтарлықтай өседі деп күтіледі.
Министрлік болжамына сәйкес, 2029 жылы елдің энергетикалық жүйесі тұрақты профицитке шығуы мүмкін.