Астанада дуалды оқыту жүйесін дамыту аясында Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттері машина жасау кәсіпорнында өндірістік экскурсиядан өтті.

Astana Invest ұйымдастырған шара барысында жастар «STALBAU» ЖШС-нің жұмысымен танысып, теориялық білімнің өндірісте қалай қолданылатынын көрді.

Қазір колледждің 2-4 курсында оқитын 573 студент дуалды оқыту жүйесімен қамтылған.

«STALBAU» ЖШС – Астана қаласындағы машина жасау саласы кәсіпорындарының бірі. Компания коммуналдық, жол және арнайы техникаларды өндірумен әрі жеткізумен айналысады.

Нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өндірістік базасын дамытып, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуде.

Бұған дейін Astana Invest, Жоғары көлік және коммуникация колледжі және кәсіпорындар арасында дуалды оқытуды дамытуға бағытталған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары Ұланбек Бақытұлының айтуынша, оқу орнында дуалды оқыту жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді.

– Колледжімізде дуалды оқыту жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 2-4 курстарда білім алып жатқан 573 студентіміз дуалды оқыту жүйесіне қамтылған. Бұл бағыттағы маңызды серіктестеріміздің бірі – Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы.

Оның сөзінше, Astana Invest-тің қолдауымен колледж бен бірқатар жетекші кәсіпорын арасында үшжақты ынтымақтастық орнатылып, меморандумдарға қол қойылды.

Дуалды оқыту студенттерге болашақ мамандығының қыр-сырын өндірістік ортада меңгеруге мүмкіндік береді.

Кәсіпорында тәжірибеден өту арқылы білім алушылар кәсіби дағдыларын қалыптастырып, еңбек ортасына бейімделеді.

Ұланбек Бақытұлы Astana Invest, кәсіпорын және колледж арасындағы үшжақты ынтымақтастықты білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды серіктестік ретінде бағалайтынын айтты.

– Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде студент сапалы білім мен тәжірибе алады, кәсіпорын білікті кадр даярлауға қатысады, ал колледж еңбек нарығының нақты талаптарына сай маман даярлау мүмкіндігін арттырады.