Астанада «ТЕАТР ALL» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
Астанада 1-7 қазан аралығында өткен «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі қорытындыланды.

Биылғы өнер додасы Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешеваның 75 жасына арналды.

Халықаралық фестивальге Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Әзербайжан театрлары, сондай-ақ Астана қаласының жетекші өнер ұжымдары мен Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау және басқа да өңірлердің театрлары қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен бірқатар театр ұжымы мен өнер майталмандары фестивальдің арнайы аталымдары мен жүлделеріне ие болды.
«Үздік қойылым» номинациясы бойынша Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі үздік деп танылды.
«Үздік актерлік ансамбль» номинациясы Б. Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театрының «Жәмилә» спектакліне берілді.
«Үздік режиссура» аталымын Н. Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қойған режиссер Дина Жұмабаева иеленді.
«Үздік ер адам бейнесі» номинациясында Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» спектакліндегі Шәкәрім рөлі үшін Аян Өтепберген марапатталды.
«Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотворившая чудо или что такое любовь?» спектакліндегі Анни рөлін сомдаған Полина Харламоваға табысталды.

«Үздік актерлік дуэт» аталымына Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» спектакліндегі Ләйлі мен Мәжнүн рөлдерін сомдаған Нодир Мухаммаджонов пен Хусния Турамуротова ие болды.

«Үздік сценография» жүлдесі Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклі үшін Қанат Мақсұтовқа берілді.
«Спектакльдің үздік музыкасы» аталымында Ақмола облыстық орыс драма театрының «Выстрел на перевале Караш» спектаклі үшін Батырхан Сабыр марапатталды.
«Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясында Асанәлі Әшімов театрының «Томирис» спектакліндегі Бақтияр рөлі үшін Мұхтар Қосыбай үздік деп танылды.
«Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі Н. Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектакліндегі Эмма рөлін сомдаған Гюль Зиятоваға табысталды.
Фестивальдің арнайы жүлделері де өз иелерін тапты.

«Асанәлі Әшімов атындағы жүлде» С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театрының «Макбет» спектакліндегі Макбет рөлі үшін Нұржан Бейсбековке берілді.
«Хадиша Бөкеева атындағы жүлдеге» Атырау Жастар театрының «Қаралы сұлу» спектакліндегі Қаракөз рөлі үшін Гүлдана Көшербаева ие болды.
«Құман Тастанбеков атындағы жүлде» Әзербайжан Республикасындағы «М.Театр» тәуелсіз театрының «Овод» спектакліндегі Артур рөлі үшін Зия Агаға табысталды.
«Меруерт Өтекешева атындағы жүлде» Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Анна Каренина рөлі үшін Ақмарал Танабаеваға берілді.
Сонымен қатар кәсіби бағыттағы арнайы аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталды.
«Үздік балетмейстер» аталымын Астана қалалық циркінің «Contrasst» би театрының «Метамарфозы» спектакліндегі жұмысы үшін Карина Жиренбаева иеленді.
«Режиссурадағы жаңа есім» номинациясы Р. Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының «Қатынқамал» спектаклі үшін Нұржан Ізтаевқа берілді.
«Үздік эпизодтық рөл» аталымында «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Абай-ЛА» спектакліндегі Адам рөлі үшін Ислам Мағытанов марапатталды.
Ал «Үздік эпизодтық рөл» жүлдесін Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» спектакліндегі Нұргүл апа рөлі үшін Бибігүл Исалиева иеленді.
Фестиваль қорытындысы театр өнеріндегі шығармашылық ізденістердің, халықаралық мәдени байланыстың және кәсіби тәжірибе алмасудың маңызын көрсетті.
