Сарайшық ауданында жылыту маусымы алдында мұржалар тазартылып, түтін датчиктері орнатылды
Фото: Gov.kz
Астананың Сарайшық ауданында жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылды.
Сарайшық ауданы әкімдігі өткізген іс-шара барысында пешпен жылытылатын үйлердің түтін мұржалары тазартылып, автоматты түтін датчиктері орнатылды.

Фото: Gov.kz
Сарайшық ауданы әкімдігі тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ислам Ибраимнің айтуынша, ауданда пешпен жылытылатын 43 үй есепке алынған.
– Біз Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, қазіргі таңда осындай ықтимал қаупі бар, әлеуметтік аз қамтылған 9 үйге көмек ретінде мұржаларын тазартып беріп отырмыз. Бұдан басқа жыл басынан бері 30-ға жуық үйге автоматты түтін датчиктері орнатылды. Жыл соңына дейін осындай 150 құрылғы орнатылатын болады. Бүгін Бәйшешек пен Қапал көшелерінде аталған жұмыстарды жүргіздік.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, жаз-күз айларында мұржаларды уақытылы тазартпаса, жылыту маусымында түтін үй ішіне тарап, қауіпті жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан тұрғындар өрт қауіпсіздігіне алдын ала мән бергені жөн.
Сарайшық ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бағлан Нұрбаев пешті пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды екенін айтты.
– Жылыту маусымында пештерге де мән беру керек. Қақпағының алдына ұзындығы 70, ені 40 см көлемде темір материалдан жасалған қорғаныш қойылуы керек. Пеш кірпіштері жарық болмауы тиіс. Оның жанында жанғыш заттарды сақтамау қажет.
Оның сөзінше, пеш жанында ағаш немесе аяқкиім кептіруге болмайды. Сондай-ақ ылғал ағашты тұтату үшін тез жанатын заттарды қолдануға тыйым салынады.
– Көбіне адамдар ағаш ылғал болып, отты жанғыш заттармен тұтатады. Оны мүлдем қолдануға тыйым салынған. Өйткені ол тез тұтанып, лап ете қалып, адамды күйік шалуы мүмкін.
Маманның айтуынша, өрт қаупі көбіне осындай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаудан туындайды.