Алматыда 24 елдің ғалымдары көлік инфрақұрылымы мен инженерлік технологияларды талқылады
Алматыда Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT Университетінде «Көлік, механика және материалтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті.
Ғылыми форумға 24 елден ғалымдар, инженерлер және сала мамандары қатысты. Конференция Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Көлік ғылымдары және технологиялары институтының директоры Бағдат Телтаевтың 60 жылдығына арналды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, көлік саласының мамандары, оқытушылар мен зерттеушілер қатысты.
Форум барысында көлік саласын дамыту, инфрақұрылымның сенімділігі, заманауи материалдар және инженерлік технологияларға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Конференцияның ғылыми бағдарламасы пленарлық отырысты, 16 негізгі баяндаманы және жеті бейінді секцияның жұмысын қамтыды.
Жиында Қазақстанмен қатар Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Ресей және басқа да елдердің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарының ғалымдары мен сарапшылары баяндама жасады.

Секциялық отырыстар автомобиль және теміржол көлігі, әуе, теңіз және құбыр көлігі, метро, транзит пен логистика, деформацияланатын қатты дене механикасы, геомеханика және геотехника, машиналар мен механизмдер теориясы, робототехника, сұйықтықтар мен газдар механикасы, сондай-ақ материалтану бағыттарын қамтыды.
Конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі.

Ол Қазақстан үшін көлік инфрақұрылымының стратегиялық маңызына тоқталып, жолдар мен транзиттік дәліздерді дамыту ауқымды ғылыми және технологиялық негізбен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.
Ақылбек Күрішбаев академик Бағдат Телтаевтың көпжылдық ғылыми еңбегіне және өзі қалыптастырған ғылыми мектепке ерекше назар аударды.
Ғалымның маңызды нәтижелерінің қатарында автомобиль жолдарын жобалау мен пайдалану саласындағы отандық тәсілдерді дамыту, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің климаттық ерекшеліктері мен көлік жүктемелерін ескеретін KazPave жүйесін әзірлеу бар.
– Бұл – іргелі білімнің, инженерлік ойдың және табанды еңбектің еліміздің технологиялық тәуелділігін төмендететін қолданбалы өнімге айналуының айқын мысалы.
Конференция барысында ҰҒА президенті алдағы бірлескен жұмыстың төрт бағытын ұсынды.
Олар – жолдардың жай-күйін тұрақты бақылау негізінде болжамдық талдау әдістерін енгізу, бірлескен валидациялық полигон құру, KazPave жүйесін ауқымдау сияқты толық технологиялық тізбекті қамтитын пилоттық жобаларды іске қосу, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен университеттердің кадрлық және есептеу ресурстарын біріктіру.
ALT Университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Меруерт Жармагамбетова конференцияның университет үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Биыл ALT өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Оның айтуынша, университет инженерлік және көлік мектебінің қалыптасқан дәстүрлерін заманауи ғылыммен, практикаға бағдарланған мамандар даярлаумен және сала кәсіпорындарымен өзара іс-қимылмен ұштастыра отырып дамытып келеді.
Ректор ALT Университетінің Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастығына да тоқталды.
– ALT Университеті үшін Бағдат Бұрханбайұлы Телтаевтың кәсіби және ғылыми жолының дәл осы білім ордасында басталуының мәні зор. Ол осында инженерлік білім алып, мамандыққа алғашқы қадамын жасады. Бүгінде, араға ондаған жылдар салып, біз оның еңбегін академик, отандық көлік ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым ретінде атап өтіп отырмыз.
Конференция аясында ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, заманауи материалдардың қасиеттері мен мінез-құлқынан бастап, көлік инфрақұрылымының сенімділігі, инженерлік технологияларды дамыту және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптарды талқылады.

Қатысушылар көлік саласындағы цифрлық және зияткерлік шешімдерге де ерекше назар аударды.
Бағдарламада жасанды интеллект арқылы автомобиль жолдарын мониторингілеу, жол инфрақұрылымының цифрлық егіздері, жол конструкцияларындағы температуралық режимді машиналық әдістермен болжау, асфальтбетонға арналған жаңа материалдар және жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған технологиялар бойынша зерттеулер ұсынылды.
Конференция ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары мен сала мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген ауқымды алаңға айналды.
24 елдің өкілдерін біріктірген форум көлік саласының өзекті міндеттерін, заманауи технологиялар мен инженерлік шешімдерді талқылауға бағытталды.
Академик Бағдат Телтаевтың 60 жылдығы ғалымның отандық көлік ғылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтуге ғана емес, саланың алдағы ғылыми және технологиялық даму перспективаларын талқылауға да мүмкіндік берді.