Астанада педагогтер жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде қолдану бойынша сайысты
Фото: Gov.kz
Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай «Педагог × AI: Болашақ білімі» атты қалалық иммерсивті сайыс өтті.
Іс-шараға үш мектептің педагогтері қатысып, бес кезең бойынша бақ сынады. Сайыста мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктері салыстырылып, заманауи білім беруде технологияны тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.
Байқау барысында ұстаздардың қоғамдағы рөлі, білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізудің маңызы және заманауи технологияларды оқу үдерісінде қолдану мәселелері сөз болды.
Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы мұндай жобалар педагогтердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Ең әуелі еліміздегі барша ұстаздар қауымын алда келе жатқан кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жасанды интеллект тақырыбына арналған бүгінгі іс-шара мазмұнды, жан-жақты әрі тартысты өтті. Осы іс-шара арқылы әр қатысушы өзіне қажетті тың ақпарат пен тәжірибе алды деп ойлаймын.
Оның айтуынша, іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі – мұғалімдер сайысына оқушылардың баға беруі.
– Мұның өзі білім беру саласындағы жаңашыл көзқарастың көрінісі деп есептеймін.
Сайысқа Астана қаласындағы №13, №15 және №17 мектептердің құрама командалары қатысты.
Бес кезеңнен тұратын байқауда педагогтер екі топқа бөлініп, білім беру үдерісіндегі дәстүрлі педагогикалық тәсілдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстыра отырып, өз ұстанымдарын ортаға салды.
Қатысушылар теориялық білімін ғана емес, нақты педагогикалық жағдайда шешім қабылдау, оқушымен және ата-анамен тіл табысу, күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізу қабілеттерін де көрсетті.
Білім беру жүйесі технологиямен бірге өзгергенімен, оның өзегінде ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс қала береді. Ал жасанды интеллект осы байланысты алмастыруға емес, педагогтің мүмкіндігін кеңейтіп, білім беру сапасын арттыруға қызмет еткенде ғана тиімді құралға айналады.