СҚО-да биыл жоғары технологиялық 32 операция жасалды
Солтүстік Қазақстан облысында қымбат әрі жоғары технологиялық хирургиялық оталар Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында және көпбейінді облыстық ауруханада жасалады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының СҚО филиалы ұсынған мәліметке сәйкес, бірнеше жыл бұрын мұндай күрделі операциялар үшін науқастар Астанаға баруға мәжбүр болған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры СҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Талғатбек Тілеубердиннің айтуынша, өткен жылы медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында көрсетілген.
«Былтыр медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясында көрсетілді. 2025 жылы жалпы сомасы шамамен 163 млн теңгеге 25 ота жасалды. Оның ішінде ТМККК бойынша 10 операция, МӘМС бойынша 15 ота жүргізілді».
Биыл өңірде жалпы сомасы 204,7 млн теңгеге 32 операция жасалған. Оның 3-еуі көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында, қалғаны көпбейінді облыстық ауруханада орындалған.
Талғатбек Тілеубердин мұндай операциялардың құны жоғары екенін атап өтті.
«Жоғары технологиялық операциялардың құны 1,4 млн теңгеден 6,6 млн теңгеге дейін жетеді. Сондықтан бұл қызметтерді алу үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет».
СҚО-да жасалған жоғары технологиялық оталардың қатарында жүрекке кардиовертер-дефибриллятор орнату, ми мен мойын тамырларына эндоваскулярлық операциялар жасау, ми артерияларына стент қою, жамбас буынын қайта ауыстыру және омыртқаға күрделі хирургиялық араласу сияқты медициналық қызметтер бар.
Сонымен қатар өңірде медициналық сақтандыру мәселесі өзекті болып отыр. Маусым айындағы дерек бойынша, СҚО емханаларында 516 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда олардың 65 мыңнан астамында МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебе жоқ.