Қазақстан мен Қырғызстан Дала өркениетін зерттейтін халықаралық консорциум құрады
Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақ мүдделер мен ерекшеліктер» атты ғылыми-интеграциялық форум өтті.
2026 жылғы 19 маусымда өткен іс-шара Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми дипломатияны дамытуға, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуге және екі елдің ғылыми байланысын нығайтудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналды.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан мен Қырғызстанның ұлттық ғылым академияларының басшылары, академиктер, жетекші ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, ғылымның қазіргі сын-қатерлерге жауап беру мүмкіндіктері және ортақ тарихи мұраны зерттеудің басым бағыттары талқыланды.
Форумның негізгі нәтижесі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылуы болды.

Жаңа консорциум түркі халықтарының тарихи мұрасын кешенді зерттеуге, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға, археологиялық экспедициялар ұйымдастыруға, цифрлық архивтер қалыптастыруға және жас ғалымдардың академиялық алмасуын дамытуға бағытталған.
Форумда сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев консорциумның стратегиялық маңызына тоқталды.
«Бұл консорциум жай ғана ғылыми ұйым емес. Бұл – Орталық Еуразия халықтарының ортақ тарихи мұрасын зерттеуге арналған жаңа интеллектуалдық платформа. Біз жасанды интеллект, цифрлық гуманитаристика және Big Data технологиялары арқылы дала өркениетін зерттеудің жаңа кезеңін бастауымыз керек».

Ақылбек Күрішбаев ғылым халықтарды жақындастыратын маңызды күштердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, консорциум аясында ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыру және келер ұрпаққа интеллектуалдық мұра қалдыру басты мақсаттардың бірі болады.
Форум барысында Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші ғалымдары мен сарапшылары қазақ-қырғыз дипломатиялық байланыстарының тарихи кезеңдерін, көшпелі өркениет мұрасын, Қырғызстандағы саяси мәдениеттің өзгеруін, еңбек көші-қонын, су-энергетикалық ынтымақтастықты, жоғары білім беру жүйесінің дамуын, ядролық қаруды таратпау режимін және транзиттік стратегияларды талқылады.

Қатысушылардың баяндамалары қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында екі елдің өзара іс-қимылының жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Форумда ғылыми дипломатияны дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар ғылым мемлекетаралық сенімді нығайтудың, ортақ тарихи мұраны зерделеудің және Орталық Азия кеңістігінде тұрақты зияткерлік әріптестік қалыптастырудың тиімді құралы екенін атап өтті.

Осы тұрғыда Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум ғылыми интеграцияның жаңа институционалдық тетігі ретінде бағаланды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар бұл бастама Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азиядағы ғылыми интеграцияны нығайтуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар консорциум Ұлы Дала өркениетінің бай мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциумның құрылуы форумның басты тарихи нәтижесі болып, қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашты.
