Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович 2026 жылғы 19-20 маусымда Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл – Қазақстан мен Черногория арасындағы екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапар.

Сапар қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бірлескен мәлімдеме жасады. Онда тараптар Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орай екі елдің және олардың халықтарының игілігі үшін өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ жаһандық және өңірлік процестерге қатысты тақырыптарды талқылады. Тараптар жоғары деңгейдегі тұрақты байланысты сақтаудың маңызын атап өтіп, ортақ мүддеге сай мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға келісті.

Мәлімдемеде Қазақстан мен Черногория Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына берік екенін растады. Сондай-ақ тараптар халықаралық ұйымдар аясында күш-жігерді үйлестіруге және өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Президенттер қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңызын да атап өтті. Черногория тарапы су ресурстарын жаһандық басқару мәселесінде Қазақстанның белсенді рөлін және көшбасшылығын құптады.

Черногория тарапы Қазақстанда тиімді мемлекеттік басқаруды нығайтуға және ұзақ мерзімді орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған саяси трансформация мен экономикалық жаңғырту үдерісін жоғары бағалады. Бұл өзгерістер кешенді конституциялық және институционалдық реформалар арқылы жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Өз кезегінде Қазақстан тарапы Черногорияның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы ілгерілеуін оң бағалады. Сонымен қатар Черногорияның Еуропалық Одаққа толыққанды мүше болу жолындағы күш-жігерін қолдайтынын растады. Қазақстан тарапы реформаларды одан әрі жалғастыру және институционалдық әлеуетті күшейту ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздердің табысты аяқталуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті. Осы бағытта өзара сауда көлемін арттыру және тікелей инвестицияларды ынталандыру бойынша бірлескен жұмысты жандандыруға уағдаласты.

Президенттер энергетика, көлік, логистика және құрылыс салаларындағы әріптестікті нығайтудың маңызын айтты. Сонымен қатар цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыты ретінде қарастырылды.

Мәлімдемеде Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы негізгі рөлі де ерекше атап өтілді. Президенттер бұл бағыттың Азия мен Еуропаны байланыстыратын сенімді әрі тиімді дәліз ретіндегі маңызы артып келе жатқанын мойындады.

Тараптар Қазақстан мен Черногория арасында дөңгелек үстел ұйымдастыру бастамасын құптады. Сонымен қатар туристер легін арттыру, әуе қатынасының байланыстылығын кеңейтуге жағдай жасау және екі елдің туристік әлеуетін ілгерілету маңызды бағыттар ретінде аталды.

Қазақстан мен Черногория жоғары білім, ғылым және зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға да келісті. Тараптар бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Президенттер мәдени ынтымақтастықты екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды негізі ретінде бағалады. Осы бағыттағы байланыстарды одан әрі дамытуға бейілділік расталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Черногория арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.