Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар құрылымы өзгерді
Қазақстан экономикасына бағытталған шетелдік инвестициялардың құрылымы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын негізгі капитал мұнай-газ және тау-кен секторына құйылса, қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың қызығушылығы сауда, өңдеу өнеркәсібі және қаржы салаларына аударылып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ОКҚ алаңында мәлімдеді.
Вице-министр атап өткендей, ел экономикасы соңғы 10–15 жылда айтарлықтай әртараптандырылған. 2010 жылы мұнай өндіру саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 16,5 пайыз болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 8,1 пайызға дейін төмендеді. Яғни, мұнай өндіру саласының экономикадағы үлесі екі есе азайған.
2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларды құрады. Ең ірі үлес – көтерме және бөлшек сауда саласында, бұл секторға 4,8 млрд доллар инвестиция тартылды. Өңдеу өнеркәсібіне 4,4 млрд доллар, қаржы және сақтандыру саласына 4,3 млрд доллар инвестиция бағытталды. Ақпарат және байланыс саласына 1,4 млрд доллар, ал көлік және қоймалау секторына 977 млн доллар инвестиция келді.
Арман Қасеновтің айтуынша, 2025 жылы ең көп инвестиция тартқан бес саланың қатарында тау-кен өндірісі жоқ.
Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдер қатарында Нидерланд 4,6 млрд долларға жетіп, бірінші орын алды, бұл бір жыл ішінде 25 пайыздан астам өскен. Екінші орында Ресей – 2,9 млрд доллар, ал үшінші орында Қытай – 2,8 млрд доллар, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 2,4 есе артқан.
Вице-министрдің пікірінше, мұндай деректер Қазақстан экономикасының жаңа бағыттарға бет бұрып, шетелдік инвесторлардың дәстүрлі шикізат секторынан бөлек басқа салаларға да қызығушылығы артқанын көрсетеді.