Құрметті отандастар!

Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын!

Халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатын бұл мейрамды бүкіл мұсылман қауымы қадірлейді. Осы киелі күнде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі.

Құрбан айт күндері азаматтар өзгелерге қол ұшын беруді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезінуді ерекше мәнге ие екенін ұғынады. Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор мүмкіндік береді.

Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз, сондай-ақ еліміздегі басқа дәстүрлі діндер, халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа және қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр.

Бәріміз үшін еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ешнәрсе жоқ. Конституция – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты және конституциялық міндет болып табылады.

Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Бұл – қазіргідей алмағайып заманда мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, Әділетті және Озық Қазақстанды құрудың басты шарты.

Алдағы уақытта халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз рухының арқасында биік белестерге жетеміз деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт қабыл болсын!