Кездесу барысында қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту, парламентаралық диалогты кеңейту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің маңызды екенін атап өтіп, «Бүгінде халықтарымыздың арасындағы тарихи достық байланыстары өзара сенім және шынайы көршілестік рухында ойдағыдай дамып жатыр. Қытай әрдайым Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Сол үшін біз Қытай халқына, оның басшылығына және әрине, Төраға Си Цзиньпин мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз үшін қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін ұдайы негізде нығайту өте маңызды. 2025 жыл екіжақты қарым-қатынасымыздағы тарихи әрі теңдессіз кезең болды. Өзара сапарлар сан қырлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге мықты серпін берді. Маңызды жетістіктеріміздің бірі – өзара сауда-саттық көлемі рекордтық деңгейге, яғни, 49 миллиард долларға жетті. Қытай дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі инвесторларының тобына кіреді. Қытайлық инвестициялардың жиынтық көлемі 29 миллиард доллардан асты. Жақында мен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялайтын заңға қол қойдым. Бұл құжат инвестициялық ынтымақтастығымыздың дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Президент екіжақты және көпжақты деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін берік саяси негіз қалыптасқанын атап өтті.

«Қазақстанның және Қытайдың халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас немесе бірдей. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы нәтижелі ықпалдастығымызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытай ұсынып отырған даму, өркениеттер диалогы және жаһандық басқару салаларындағы маңызды бастамаларды жоғары бағалайды әрі қолдайды. Еліміз «Бір Қытай» қағидатын берік ұстанады. Сонымен қатар Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» жаңа форматындағы көпжақты ынтымақтастықты толықтай қолдайды», — деді Президент.

Мемлекет басшысы орайлы мүмкіндікті пайдаланып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге сәлемін жолдап, оның стратегиялық бағыт-бағдарын тиімді деп бағалады.

«Жаңа 15-ші бесжылдық жоспар да Қытайды халықаралық сахнада маңызды рөл атқаратын әлемдік держава және жоғары дамыған мемлекет ретінде одан әрі нығайта түсеріне сенеміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Чжао Лэцзи Қазақстан Президентіне ҚХР Төрағасының ыстық ықыласын жеткізді.

«Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпиннің және Сіздің көреген басшылығыңыз бен ерекше қамқорлығыңыздың арқасында қытай-қазақ қатынастары қарқынды дамып, мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Былтыр Сіз Төраға Си Цзиньпинмен Астанада және Тяньцзинде екі мәрте кездесіп, елдеріміздің ықпалдастық бағыттарын айқындадыңыздар», — деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының төрағасы.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, Чжао Лэцзи Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өткенін құттықтап, Ата заңға енгізілген өзгерістерді стратегиялық маңызды шешім деп атады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Рафаэль Гроссиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz