Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады
Фото: akorda.kz
Кездесу барысында Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері, сондай-ақ ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаһандық мәселелер талқыланды.
Президент Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті жоғары бағалап, Рафаэль Гроссидің жетекшілігімен Ұйымның ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және атом қуатын бейбіт мақсатта қолдануға қосқан үлесін атап өтті.
«Сіздің 2023 жылы сәуір айында Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз өзара байланыстарды дамытуға тың серпін берді. Ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты ұстанымымыз ұқсас деп ойлаймын. Дегенмен әлемде аса күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл жаһандық проблеманы шешу жолдарын іздеуде күш біріктіруді талап етеді», — деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тереңдетуге арналған 2036 жылға дейінгі жол картасына, сондай-ақ ядролық медицина мен ғылымды дамыту саласындағы бірқатар құжатқа қол қойылғанын құптады.
Бас директор Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті сақтау және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы әрекеттерін жоғары бағалады. Сондай-ақ Президенттің халықаралық аренадағы абырой-беделі мен ядролық қауіпсіздікті, диалог пен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетудегі рөлін атап өтті.
МАГАТЭ басшысы елімізді АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдум нәтижесі арқылы атом энергиясын дамыту бағдарламасын іске асыру бастауымен құттықтады.
Президент Қазақстанның ядролық қауіпсіздік пен мемлекетаралық сенімді нығайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге қосылуға алдағы уақытта да дайын екенін мәлімдеді.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті халықаралық уағдаластық болған жағдайда, еліміз ізгі ниетті көздеп, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселенің шешілуіне атсалысуға дайын екенін тағы да растады.

Фото: akorda.kz
Рафаэль Гросси Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін атап, елдің бастамасын қолдағанын білдірді.
«Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңызы мен рөлі ерекше. Елдің атом энергиясын дамыту бастамасын толық қолдаймыз», — деді МАГАТЭ басшысы.
Сонымен қатар, Президент БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер Рафаэль Гроссиге сәттілік тіледі.
Кездесудің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Рафаэль Гроссиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: akorda.kz