Freedom Банкі ҚР ҰБ Антифрод-орталығының екі марапатына ие болды
Freedom Банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығынан екі марапат алды. Банк қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін құруға және дамытуға белсенді қатысқаны үшін «Жылдың антифрод-серіктесі» және «Антифрод-орталықтың дамуына қосқан үлесі үшін» номинацияларында үздік деп танылды.
ҚР Ұлттық Банкі Антифрод-орталығы Freedom Банкті қатарынан екінші жыл марапаттап отыр. Биыл жалпы төрт номинация жарияланса, соның екеуінде Freedom жеңіске жетті. Осылайша, банктің Антифрод-орталық марапаттарының саны үшке жетті. Былтыр Freedom «Жыл қайтарымы» аталымында үздік шыққан болатын.
Марапаттар Central Asia Fintech Summit 2026 аясында өткен салтанатты рәсімде табыс етілді. Оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов, Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясының Басқарма төрағасы Жанар Самаева және Verigram компаниясының негізін қалаушы Асанәлі Байғожин тапсырды.
Freedom Банк Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов бұл марапаттар банк үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, олар клиенттерді қорғау жүйесінің жекелеген жағдайларда ғана емес, жүйелі әрі кешенді түрде жұмыс істейтінін көрсетеді.
– Бұл марапаттар біз үшін өте маңызды, себебі олар клиенттерді қорғау жүйеміздің тек жекелеген жағдайларда ғана емес, жүйелі түрде әрі жан-жақты жұмыс істейтінін дәлелдейді. Бүгінде банк ішіндегі антифрод мінез-құлық талдауын, ML-модельдерді, жасанды интеллектіні, графтық талдау мен жедел әрекет етуді қамтитын кешенді жүйе. Біз клиенттердің әдеттен тыс әрекеттерін ерте бастан анықтау технологияларын ерекше дамытып жатырмыз. Ал графтық талдау өзара байланыстарды тауып, алаяқтықтың тұтас тізбектерін әшкерелеуге көмектеседі.
Ұлттық төлем корпорациясының Басқарма төрағасы Жанар Самаева қаржылық алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүйелі тәсілді қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта ортақ инфрақұрылым, жедел дерек алмасу және барлық қатысушының үйлесімді іс-қимылы маңызды.
– Қаржылық алаяқтыққа пәрменді тосқауыл қою жүйелі тәсілді талап етеді: оған ортақ инфрақұрылым, жедел дерек алмасу және барлық қатысушының үйлесімді іс-қимылы қатысты. Екі жыл ішінде Ұлттық антифрод-орталық 270-тен астам ұйымның басын қосқан тиімді диалог алаңына айналды. Ендігі меже – тәуекелдерді әлдеқайда ерте анықтап, азаматтарға қаржылық залал келгенге дейін алаяқтық операциялардың алдын алатын тетіктерді жетілдіру. Ал Antifraud Awards осы ортақ іске нақты үлес қосып жүргендердің еңбегін айқындайды.
ҚР ҰБ Антифрод-орталығы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алаяқтық транзакцияларға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында іске қосқан жүйе. Оның негізгі міндеті – күдікті транзакциялар туралы деректерді жинау және талдау, алаяқтықты нақты уақыт режимінде анықтау, бұғаттау және алдын алу.
«Фридом Банк Казахстан» АҚ Қазақстан аумағында Freedom брендімен қызмет көрсетеді. Банк жеке және заңды тұлғаларға цифрлық қаржылық өнімдер мен қызметтер ұсынады.
Банк ипотекалық қарыз алуды, автокредит беруді және бизнеске арналған кредиттерді цифрландырған. Сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы инвестор картасы – INVEST CARD және басқа да бірқатар цифрлық карталарды шығарған.
Freedom Банк филиалдық желісі Қазақстанның 20 қаласында жұмыс істейді. Банк қаржы қызметін, бөлшек брокерлік операцияларды, бағалы қағаздармен сауданы, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтерді жүзеге асыратын Freedom Holding Corp. холдингінің бөлігі болып табылады.
Қазір холдингтің жай акциялары Nasdaq Capital Market және Қазақстан қор биржасында саудаланады.