2026 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында ауыл шаруашылығы және азық-түлік технологиялары саласындағы зерттеулерге арналған VI халықаралық I-CRAFT 2026 конференциясы өтті.

Форум отандық және шетелдік ғалымдарды, ғылыми ұйымдар мен университеттердің басшыларын, мемлекеттік органдардың, аграрлық бизнес өкілдерін және технологиялық шешім әзірлеушілерді бір алаңға жинады.

Конференцияға селекция және генетика, мал шаруашылығы, тамақ инженериясы, экология, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік бағыттарының мамандары қатысты.

Іс-шарада азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, аграрлық секторды климаттың өзгеруіне бейімдеу және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдету мәселелері басты назарға алынды.

Конференцияны ашқан ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі аграрлық ғылым өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, су, энергия және өзге де ресурстарды үнемдеуге, сондай-ақ азық-түлік сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Ол өзара сабақтас төрт басым бағытты айқындады. Олар – климатқа төзімді сорттар селекциясы мен тұқым шаруашылығы, тұрақты мал шаруашылығы, су және топырақ ресурстарын ғылыми негізде басқару, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу.

– Бұл конференцияның нәтижелілігі баяндамалардың санымен ғана өлшенбеуі тиіс. Оның басты нәтижесі бірлескен зерттеулер, тәжірибеде сыналған технологиялар, сондай-ақ өндіріс пен қоғамның сұранысына сай шешімдер болуы қажет.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ақылбек Күрішбаев бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, халықаралық зерттеу топтарын құруды және жас ғалымдарды даярлауды көздейтін тұрақты агроазық-түлік технологиялары жөніндегі Алматы зерттеу күн тәртібін қалыптастыруды ұсынды.

I-CRAFT 2026 конференциясының күн тәртібі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ТДМ 2 «Аштықты жою» және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, олардың тозуын болдырмау әрі табиғи экожүйелерді сақтауға арналған ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаттары қамтылды.

Конференцияның негізгі бағыттарының бірі ақылды және дәлме-дәл егіншілік болды.

Қатысушылар жасанды интеллектіні, үлкен деректер мен болжамдық талдауды, жерді цифрлық мониторингтеу құралдарын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, GPS-технологиялары мен робототехниканы қолдану мәселелерін қарастырды.

Бұл құралдар ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайын дәлірек бағалауға және өндірістік ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Климатқа төзімді сорттарды шығару үшін селекцияның, геномиканың, феномика мен биотехнологиялардың заманауи әдістерін қолдануға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ су мен жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының климатқа әсерін азайту мәселелері талқыланды.

Тамақ технологиялары саласындағы ғылыми бағдарлама ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мен сақтаудың инновациялық әдістерін, функционалдық тамақтануды және өнімдердің биологиялық құндылығын сақтауды қамтыды.

Бұл әзірлемелер азық-түлік шығынын азайту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан маңызды.

I-CRAFT 2026 алаңында белгілі шетелдік ғалымдар өз зерттеулері мен әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында Da-Wen Sun, Vida Šimat, Tuba Esatbeyoğlu, Brijesh K. Tiwari, Alexander N. Hristov, Yong Suk Chung, Faheem Shahzad Baloch, M. Cüneyt Bağdatlı, İlknur Bağdatlı және Çağdaş Civelek бар.

Алматыда өткен конференция Ташкент пен Гәнжә қалаларындағы форумдардан кейін халықаралық конференциялар сериясын жалғастырды.

Іс-шара Қазақстанның аграрлық ғылым мен азық-түлік технологиялары саласындағы өңірлік ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін нығайтты.

I-CRAFT 2026 ғылым, білім және агробизнес арасындағы кәсіби диалог алаңына айналды. Форум зерттеу серіктестіктерін дамытуға және өндіріс сұранысына сай шешімдерді енгізуге бағытталды.

Конференция қорытындысы бойынша климатқа төзімді сорттарды шығару мен су үнемдеу технологияларын енгізуден бастап, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге дейінгі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары айқындалды.

Ұсынылған Алматы зерттеу күн тәртібі осы бағыттарды ғылым мен бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобаларға біріктіруді көздейді.

Бұл жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағдарланбақ.