Елордалық мұғалімдерге мектептегі қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Фото: Gov.kz
Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елордалық мұғалімдерге профилактикалық дәріс өткізілді.
№95 мектеп-лицейінің педагогтеріне арналған дәріс «Мектептегі қауіпсіздік: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы педагогтің рөлі» тақырыбында ұйымдастырылды.
Іс-шараны қалалық прокуратура өткізді.
Дәріс барысында буллинг пен кибербуллингтің, бопсалаудың, балаларды есірткі заттарын таратуға және дропперлік схемаларға тартудың алдын алу мәселелері қаралды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты әрекет ету жолдары түсіндірілді.
Педагогтерге баланың мінез-құлқынан алаңдататын өзгерістер байқалған жағдайда қандай шара қабылдау керектігі айтылды. Атап айтқанда, баламен сенімді байланыс орнату, жағдайды тіркеу және бұл туралы жауапты мамандар мен тиісті органдарға дер кезінде хабарлау тәртібі түсіндірілді.
Іс-шарада педагогтің міндеті өз бетінше тергеу жүргізу емес, қауіп белгілерін дер кезінде анықтау, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті шараларды қабылдау екеніне ерекше назар аударылды.
Профилактикалық дәріс педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын нығайтуға бағытталды.