Astana Polytechnic жоғары колледжінің студенті Нұрлан Рамазан Аустралияда өткен «Global Skills Challenge Australia-2026» халықаралық чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді.

Нұрлан Рамазан аталған жарыста «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша бақ сынап, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар ол чемпионаттың Best of Nation арнайы марапатына ие болып, Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде асқақтатты.

Жеңімпазды жарысқа халықаралық сарапшы, Astana Polytechnic жоғары колледжінің оқытушысы Самир Керімов дайындады. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі жоғары бағаланып, халықаралық аренада маңызды жетістікке ұласты.

Айта кетейік, Astana Polytechnic жоғары колледжінің тағы бір студенті де чемпионатта табысты өнер көрсетті. Ол «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша қатысып, қола медаль жеңіп алды.

Фото: Gov.kz