Қазақстан Pax Silica халықаралық технологиялық альянсына қосылды
Қазақстан халықаралық Pax Silica технологиялық бастамасына ресми түрде қосылды. Еліміз Орталық Азияда аталған альянсқа кірген алғашқы мемлекет атанды.
Pax Silica-ға қосылу туралы декларацияға және AI Opportunity Partnership бойынша бірлескен мәлімдемеге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды. Қол қою рәсімі АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтті.
Осылайша, Қазақстан Австралия, Финляндия, Грекия, Үндістан, Израиль, Жапония, Норвегия, Катар, Корея Республикасы, Сингапур, Швеция, Филиппин, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания сияқты мемлекеттерді біріктіретін халықаралық технологиялық альянс құрамына енді.
Pax Silica – жасанды интеллект дәуіріне арналған сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған халықаралық технологиялық бастама. Альянс жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, маңызды минералдар, деректер орталықтары, энергетикалық инфрақұрылым, жоғары технологиялық өндіріс, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты көздейді.
Қазақстанның бұл бастамаға қосылуы инвестиция тартуға, технологиялық серіктестікті кеңейтуге, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға және елдің жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Еліміз альянс жұмысына маңызды минералдар қоры, энергетикалық әлеуеті, Еуропа мен Азия арасындағы қолайлы географиялық орналасуы, цифрлық инфрақұрылымы және қарқынды дамып келе жатқан IT-экожүйесі арқылы үлес қосуды жоспарлап отыр.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – маңызды минералдарды терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту. Қазақстан шикізат экспортынан бөлек, аккумуляторларға, жартылай өткізгіштерге, энергия сақтау жүйелеріне және жасанды интеллект инфрақұрылымына қажетті компоненттер шығаруды көздейді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа AI-экономика қалыптасып келеді. Бұл жағдайда жасанды интеллект тек цифрлық технология емес, жаңа өнеркәсіптік жүйенің негізіне айналмақ.
Бүгінде жаңа AI-экономика қалыптасып жатыр, онда жасанды интеллект тек цифрлық технология ғана емес, сонымен қатар жаңа өнеркәсіптік жүйенің негізіне айналады. Әрбір AI-шешімнің артында энергия, маңызды минералдар, есептеу қуаттары, деректер орталықтары, жартылай өткізгіштер, инженерлік кадрлар және қорғалған жеткізу тізбектері тұр.
Сонымен қатар АҚШ Үкіметі Стэнфорд университетімен Foundry Schools желісін құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағдарлама жасанды интеллект, инженерия, материалтану және жоғары технологиялық өндіріс салалары үшін білікті мамандар даярлауға бағытталған.