Елордадағы Есіл ауданы қарқынды дамып, қаланың ең серпінді өсіп келе жатқан аудандарының біріне айналып отыр. Заманауи тұрғын үй кешендері, іскерлік орталықтар мен қоғамдық кеңістіктердің көбеюі халық санының артуына және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктеменің ұлғаюына әсер етуде.

Осыған байланысты ауданда тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта аулалар абаттандырылып, көше-жол желісі жаңғыртылуда, жасыл желек көбейтіліп, жарықтандыру жүйесі жетілдірілуде.

Қазіргі таңда Есіл ауданында 399 аула бар. Оның 363-і абаттандырылған, бұл жалпы көрсеткіштің 91 пайызын құрайды. Өткен жылы 12 аулада кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы 5 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар iKOMEK 109 жүйесі арқылы тұрғындардан түскен өтініштер де назардан тыс қалмайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Жаяу жүргіншілер мен көлік инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта Қабанбай батыр даңғылынан Мәңгілік Ел даңғылына дейінгі Орынбор көшесінде жаяу жүргіншілер жолының 10 мың шаршы метрден астам аумағын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасауға бағытталған.

Аудан аумағында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оның аясында гранит және мәрмәр плиталар қалпына келтіріліп, тас төсемдер жөнделуде. Металл конструкциялар, орындықтар мен қоршаулар сырланып, жиектастар жаңадан орнатылып немесе ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ шағын сәулет нысандары жаңартылуда.

Ауданды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – көгалдандыру және жасыл аймақтарды күтіп-ұстау. Қазіргі таңда Есіл ауданында 220 мыңнан астам ағаш, 500 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, шамамен 5 миллион шаршы метр көгал және 117 мың метрден астам тірі қоршау бар.

Биыл аудан аумағына қосымша 26 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары Ұлы Дала және Қабанбай батыр даңғылдары, Керей-Жәнібек хандар көшесі бойында, сондай-ақ EXPO саябағы, «ҚТЖ» гүлзары, Әл-Фараби атындағы мешіт аумағы және қаланың келбетін айқындайтын өзге де қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді.

Сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту да негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Ауданда 16 мыңнан астам көше жарығының тірегі орнатылып, оларға 20 мыңнан астам шам орналастырылған.

Жарықтандыру жүйесіне тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетіліп, оның үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бұл кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ауданның санитарлық тазалығы жыл бойы қамтамасыз етіледі. Бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі – заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес.

Мониторинг барысында бұрын тазартылған аумақтарда қоқыстың қайта жиналу деректері анықталған. Жалпы бес негізгі қоқыс ошағы тіркеліп, бүгінге дейін ол жерлерден 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін мониторинг және жедел әрекет ету шаралары жалғасып жатыр.

Есіл ауданында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.