ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін
Премьер-министр Олжас Бектенов ЕҚДБ, ExxonMobil және Marubeni компанияларының басшылығымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов Астанаға ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысу үшін келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларден және Marubeni Corporation компаниясының басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет алдына қойған экономиканы дамыту және жаңа инвестициялық циклды іске асыру жөніндегі міндеттері аясында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуде құрылыс және әлеуметтік, көліктік, өнеркәсіптік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар қаржы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту және бизнесті қолдау шаралары да талқыланды.
Премьер-министр ЕҚДБ-ның Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартудағы және ел экономикасының тұрақты дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. Бірлескен жұмыс жылдарында банктің Қазақстандағы портфелі шағын және орта бизнес, қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында жалпы сомасы 12,7 млрд доллар болатын 354 жобаға жетті.
Одиль Рено-Бассо биыл ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасына салатын инвестиция көлемі тарихи деңгейге жететінін хабарлады. Бүгінде Қазақстанда 800 млн еуродан астам сомаға жобалар қаржыландырылған. Жыл қорытындысы бойынша инвестициялар ағыны 1,3 млрд еуродан асуы мүмкін деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен келіссөздер барысында ағымдағы өндірістік көрсеткіштер және алдағы технологиялық даму мәселелері қаралды. ExxonMobil Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сияқты ірі бірлескен жобаларды іске асыруға қатысады. Тараптар ынтымақтастықтың нәтижелі сипатын атап өтіп, өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Marubeni Corporation компаниясының басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен кездесуде қазақ-жапон экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Marubeni Қазақстанның энергетика және өнеркәсіптік өндіріс саласындағы ұзақмерзімді әрі сенімді серіктесі екені атап өтілді.
Тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтудың және екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңызын айтты.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, қолданыстағы жобаларды іске асыруға және Қазақстан экономикасының басым секторларында жаңа инвестициялық бастамаларды пысықтауға мүдделі екенін растады.