Alstom Қазақстандағы инвестициялық жобалары туралы айтты
Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында компанияның Қазақстандағы инвестициялық жобаларының іске асу барысы туралы айтты.
Кеңестің 38-ші пленарлық отырысы алдында журналистерге сұхбат берген Жером Бойе Alstom компаниясының Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, компания 2010-2023 жылдар аралығында елге 200 миллион еуро инвестиция салған.

Сонымен қатар 2023 жылы қосымша 50 миллион еуро көлемінде инвестиция қарастырылған. Бұл қаржы 2027 жылдың соңына дейін толық игеріледі деп жоспарланып отыр.
Біздің компания – теміржол саласындағы өндіруші. Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 2010-2023 жылдарда 200 миллион еуро инвестиция салдық. 2023 жылы қосымша 50 миллион еуро инвестиция қарастырдық. Оны 2027 жылдың соңында толықтай беріп боламыз. Бұл қаржы Астанада локомотив өндіретін зауыт салуға және Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі теміржол деполарын дамытуға жұмсалып жатыр. Түптеп келгенде, бұл жобалар Орта дәліз арқылы жүк тасымалына пайдасын тигізеді.
Жером Бойенің айтуынша, инвестициялық жобалар Астанада локомотив өндіретін зауыт салуға және Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі теміржол деполарын дамытуға бағытталған. Компания бұл жобалар Орта дәліз арқылы жүк тасымалын дамытуға оң әсер етеді деп есептейді.
Сондай-ақ Alstom өкілі компания жұмысында жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, жасанды интеллект болжам жасау және бағалау процестерінде кеңінен енгізіліп жатыр.
Компания жұмысына болжам жасау және бағалау үшін жасанды интеллектіні барынша кең ауқымда енгізіп, қолданып келеміз. Жүйемізде шағын рекурсивті модельдерді жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Оны біздің Қазақстандағы инженерлеріміз жасаған және соның арқасында локомотивтерге тиісті қызмет көрсетіп, қандай да бір ақау шығуының алдын аламыз.
Жером Бойе Қазақстандағы инженерлер әзірлеген шағын рекурсивті модельдер локомотивтерге дер кезінде қызмет көрсетуге және ықтимал ақаулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.